Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин COVID-19 ауруына шалдыққанын хабарлады. Үкімет жетекшісінің міндетін уақытша бірінші вице-премьер Андрей Белоусов атқарады.
«Коронавирусқа тапсырған тест менің науқас екенімді көрсеткені жаңа ғана мәлім болды», - деді ол РФ Президенті Владимир Путинмен видеобайланыс барысында.
Мемлекеттік "Россия-24" арнасының эфирі кезінде премьер-министр үкімет мүшелерімен байланыста болатынын айтты. Ол ресейліктерді шектеу шараларына немқұрайлы қарамауға шақырды.
Соңғы бір күнде Ресейде 7 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 101 адам қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар жалпы 106 498 адамға жетті. 1 073-і қайтыс болған, 11 619 жазылған.
Вирус жұқтырғандар саны бойынша Ресей астанасы Мәскеу алда тұр: мұнда бір күн ішінде 3093 адамнан коронавирус табылған.
Биліктің айтуынша, мамыр айының басында эпидемия шарықтау шегіне жетеді. Президент Владимир Путин жақында жұмыссыз апта мерзімін 11 мамырға дейін ұзартқан. Мәскеуде "оқшаулау режимі" 12 мамырға дейін күшінде болады.
Бұған дейін Путин үкіметке 12 мамырға дейін шектеу шараларын біртіндеп азайту жоспарын жасауды тапсырған.