19 қаң, 2017 сағат 09:32

Ресей мен Түркия "Ислам мемлекетін" бірге атқылады

Ресей Түркиямен бірге алғаш рет Сирияда "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының мүшелеріне әуеден соққы жасағанын мәлімдеді.

Ресейлік қорғаныс министрлігінің өкілі генерал-лейтенант Сергей Рудскойдың хабарлауынша, әуе шабуылын Ресей әуе күштерінің тоғыз ұшағы мен сегіз түрік ұшағы жүзеге асырған. Әуе соққысы Алеппо провинциясындағы Әл Баб қалашығында 18 қаңтарда жасалған. Түрік әскери қолбасшылығы Ресеймен бірге әуеден соққы бергенін растады.

2015 жылы түрік-сирия шекарасында ресейлік жойғышты түріктер атып түсірген соң, Анкара мен Мәскеу қарым-қатынасы күрт суып кеткен еді. Бірақ жақын уақыттан бері екі ел Сирия президенті Башар Асад жүйесі мен қарулы оппозиция арасындағы бейбіт келіссөздерді бірлесіп үйлестіріп отыр. Бейбіт келіссөздер келесі аптада Қазақстанда өтеді. Ресей Асадты қолдайды, ал Түркия болса Асадты биліктен құлатуға талпынған бүлікшілерді жақтайды.