08 мау, 2022 сағат 10:42

Ресей құрамасының футболшысы: Путин біздің болашағымызды ұрлады


Футболдан Ресей құрамасының ойыншысы Надежда Карпова Украинадағы соғысқа қарсы сөйлеп, Владимир Путин мен Ресей пропагандасын айыптады. 

Испанияда тұрып, "Эспаньол" (Барселона) клубында ойнайтын Надежда Карпова Би-би-сиге берген сұқбатында "соғысты көре отырып, үнсіз қала алмайтынын" айтты.

Ресей құрамасында 24 матч ойнаған 27 жастағы футболшының сөзінше, "Путин соғыс бастап, ресейліктердің болашағын ұрлаған".

"Мұның бәрі Ресей азаматтарының үнсіз келісімінің арқасында жүзеге асты, бірақ мен орыс болғаным үшін ұялмаймын, Ресей дегеніміз - елдің үкіметі, не болмаса Владимир Путин емес" - дейді ол. 

Ол Ресей пропагандасын шовинизм дертіне шалдыққан деп айыптап, пропагандаға сенетіндерді "кепілде отырғандар" деп атады. 

Карпова Ресейдегі қарсылық акцияларына қатысқанын, бірақ онысы билікке ықпал етуге жеткіліксіз болғанын айтты. Ол "соғысқа қарсылығын ашық білдіретін спортшылар көп ұзамай көбейе түсетінін, алайда Ресейде тұрғаннан гөрі Испанияда тұрып, соғыс туралы ой-пікір айту жеңілірек" деп санайтынын айтқан. 

Би-би-си хабарына қарағанда, бұған дейін "Динамо" футболшысы Фёдор Смолов пен "Спартак" ойыншысы Александр Соболев секілді екі белгілі спортшы ғана соғысқа қарсылығын білдірген. Олар пікірін Ресей әскері Украинаға басып кірген күні айтып, кейін үнсіз қалған. 

Ресей кәсіпқой спортшыларының көпшілігі Украинадағы соғыс туралы айтпауға тырысады, кейбірі Путин саясатын ашық қолдайды. Ресей Украинаға басып кірген соң халықаралық спорт федерацияларының көпшілігі, арасында ФИФА да бар, Ресей спортшыларын халықаралық жарыстардан шеттеткен.