Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольдегі "Азовсталь" зауытын толық бақылауға алғанын мәлімдеді. Зауыт аумағында қалған 2439 украин жауынгері тұтқынға түскен.
Ведомствоның айтуынша, 20 мамырда "Азов" батальоны жауынгерлерінің соңғы тобы - 531 адам, оның ішінде бөлім командирлері берілді. Комбинаттың жерасты құрылыстары Ресей әуе кемелерінің бақылауына өтті. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу президент Владимир Путинге зауытты осылайша "толық азат еткенін" баяндаған.
"Азовсталь" аумағында қалған украин жауынгерлері 16 мамырда тұтқынға түсе бастаған. Олардың тағдыры белгісіз. Украина қорғаныс министрлігі "Азовсталь" сарбаздарын тұтқын алмасу процедурасы арқылы үйлеріне қайтаруға тырысатынын мәлімдеді.
Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік думада "Азов" полкінің жауынгерлерін Украинаға бермеу туралы үндеулер айтылған. 17 мамырда Ресей бас прокуратурасы да жоғарғы сотқа қайырылып, украиналық "Азов" полкін террористік ұйым деп танып, елде оның қызметіне тыйым салуды сұраған.
"Азов" полкі және украиналық өзге де әскери бөлім жауынгерлері наурыз айының басынан қоршауда қалған Мариуполь қаласында орыс әскеріне төтеп беріп, кейін "Азовсталь" металлургия комбинатында тұрақтаған.
Айта кетейік, Украина президенті Владимир Зеленский Мариупольдағы "Азовсталь" металлургия зауытының Ресей әскеріне берілгенін жанама түрде растады.
"Кәсіпорындағы адамның барлығы дерлік зауыттан шығарылды", деді Зеленский 20 мамыр кешке "Украина 24" телеарнасында көрсетілген сұхбатында.
"Азаматтар шығарылды. Дәрігерлер шығарылды. Ауыр жараланғандар шығарылды. Жақын арада бәрін шығару аяқталады", - деді ол.
Зеленский тұтқындалған украиналық жауынгерлермен жағдай қиын екенін айтты.
"Жігіттер әскери қызметкерлерден олардың шығуға және өз өмірін сақтауға толық құқығы бар екені туралы сигнал алды", - деді президент.
"Азов" полкі - 2014 жылы еріктілерден құрылған батальон. Оны "әсіреоңшыл белсенділер" құрған деп айтылады. Бірақ "Азовтің" көптеген жауынгері өздерінің "неонацист" емес екенін айтады. Полк Украина қарулы күштерінің құрамына енген.