Ресей әскері жексенбі күні таңертең Киевті зымыранмен атқылады. Киевтің Шевченковский ауданындағы тоғыз қабат үй бүлінді. Бір адам өлген, зардап шеккендер де бар.
Көп қабатты үйдің жетінші, сегізінші және тоғызыншы қабаты қираған. "Үйінді астына адам болуы мүмкін" деп хабарлады Киев мэрі Виталий Кличко. Үйіндіні аршу барысында жеті жасар қыз бен анасы құтқарылған. Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың сөзіне қарағанда, қыздың әкесі өлген.
Жараланған әйел – Ресей азаматы. Журналистер атыс кезінде зардап шеккен әйелдің паспортын көрсетті.
Тағы бір зымыран сынығы балабақша ауласына түскен. Бұл кезде балабақшада адам болмаған.
Ресми хабарларға қарағанда, Киевтің Шевченковский ауданында барлығы төрт жарылыс болған. Бұл аудан Украина астанасының орталығында тұр. Зымыран соққысының мақсаты әзірге белгісіз, Ресей әскері әзірге еш ақпарат таратқан жоқ.
АҚШ президенті Джо Байден Киевке зымыранмен жасалған соққыны "Ресей әскері жабайылығының тағы бір көрінісі" деп атады.
Ресей әскері Киевті мұнан үш апта бұрын, 5 шілдеде де зымыранмен атқылап, вагон жөндеу зауытына нұқсан келтірген.
Ресей қорғаныс министрлігі жексенбі күні таратқан ақпаратында Киевтің атқыланғаны жайлы еш хабар жоқ. Онда Черниговск, Житомир және Львов облыстары зымыранмен атқыланғаны айтылған. "Соның нәтижесінде әскери полигон істен шығып, Украина қарулы күштерінің резервінде тұрған 65, 66 мото-жаяу әскер бригадалары мен 46-аэромобильді бригада толығымен әскери әлеуетінен айырылды" дейді бұл хабарда. Мұнан өзге" әуе соққысы, зымыран және артиллерия соққысы нәтижесінде 720-дан астам ұлтшылдың (Ресей қорғаныс министрлігі украин жауынгерлерін осылай атайды) көзі жойылды" деп хабарлайды.
Бұл мәліметтерді соғыс жағдайында тәуелсіз тексеру мүмкін емес, екі тарап та өз шығынын азайтып, қарсылас шығынын зорайтып көрсетуге тырысатыны байқалған.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.