06 қыр, 2016 сағат 07:24

Ресей Кейкі батырдың бассүйегін алдағы 2 аптада қайтарады

Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада ұзақ уақыт сақталған Кейкі батырдың бассүйегі жақын күндері Қазақстанға қайтарылады.

Қуанышты хабар ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ресейдің Мәдениет министрі Владимир Мединскийдің Мәскеу қаласындағы кездесуінде белгілі болды,  - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Қазақстандық тарихшылар Петербургтегі музейде Кейкі батырдан өзге, қазақтың тағы жеті батырының бассүйегі сақталып тұрғанын айтады. Оларды да елге қайтару жоспары қойылып отыр.

«Бұл бассүйектердің қазақ халқы үшін, қазақ тарихы үшін аса маңызды екенін ескере отырып, олардың ендігі тағдыры не болатынын ойластыруды ғалымдырымызға мұқит тапсырдық», - дейді Ресейдің Мәдениет министрі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы бассүйектің алдағы екі апта ішінде Қазақстанға қайтарылатынын айтты. «Венгр ғалымдарымен келіссөздер жүргіздік. Олар бассүйектің Кейкі батырға тиесілі ме екендігін ДНҚ арқылы сараптап жатыр», - дейді  ҚР Мәдениет және спорт министрі.

Айта кетсек, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Кейкі батырдың бассүйегін елге қайтару туралы бастама көтеріп, Ресей Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевке ұсыныс тастаған болатын.

Ұлт порталы