Ресейдің бірқатар қалаларында жексенбіде жемқорлыққа қарсы шерулер өтіп жатыр. Бұған дейін ондаған қалада ұйымдастырушылар шеру өткізуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеген. Көптеген қалада жергілікті билік рұқсат етпегеніне қарамастан адамдар наразылық акциясына шыққан.
Солардың бірі бүгін Қиыр Шығыс аймағының орталығы Владивосток қаласында өткен. Жергілікті белсенділер мен журналистердің айтуынша, жүздеген адам шыққан шеру басталысымен оған қатысушыларды полиция жаппай ұстай бастаған. Кей мәліметтер бойынша, Владивостокта бүгін 40-қа жуық адам ұсталған.
Новосибирск қаласында биліктің келісімі алынған шеруге екі мыңнан аса адам жиналды деп хабарлап жатыр жергілікті баспасөз құралдары. Красноярск қаласында жемқорлыққа қарсылық акциясына мыңға тарта адам шыққан. Томск, Иркутск мен Челябинскідегі шерулерге жүздеген адам қатысқан.
Бұған дейін Мәскеу билігі қала орталығында шеру өткізу туралы ұйымдастырушылар өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, акцияны қаланың шеткері аймағында өткізуді ұсынған. Бұған келіспеген оппозициялық саясаткер Алексей Навальный коррупцияға қарсы шеру Мәскеу орталығындағы Тверь көшесінде өтуі тиіс деп мәлімдеген. Қазір Мәскеудің Тверь көшесі маңын полиция бақылауға алып, сол маңайдағы кейбір метро станциялары қасына ондаған полиция көліктері қойылған деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.
Алексей Навальный жетекшілік ететін коррупциямен күрес қоры наурыздың 2-сі күні жариялаған зерттеу қорытындысында «премьер-министр Дмитрий Медведевтің Ресейдегі және шетелдегі заңсыз жолмен келген қымбат жылжымайтын дүние-мүлкі» туралы деректер келтірілген. Навальный Медведевті «сенімді адамдары басқаратын қайырымдылық қорлары негізінде сан қатпардан тұратын коррупциялық желі құрған» деп айыптады. Ресей үкіметі бұл ақпаратты «үгіт-насихатты көздейтін даурықпа» деп атап, оған қатысты түсініктеме беруден бас тартқан соң Навальный жақтастарын наурыздың 26-сы күні жемқорлыққа қарсы шеруге шығуға шақырған.