Партиялық емес байқау орталығының референдум өткізу мәселелерін талқылау жөніндегі іс-шаралары "Ақ жол" партиясының өкілдерімен кездесумен жалғасты.
Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов саяси партия өкілдеріне референдумдағы дауыс беру процесіне мониторинг жүргізуге байқаушыларды дайындау барысы туралы хабардар етті.
Оның айтуынша, Партиялық емес байқау орталығы өз жұмысында қатаң саяси бейтараптық, кез-келген артықшылық пен бағалауды білдіруден бас тарту, байқаудың объективтілігі, қорытынды шығарудағы кәсібилік, сайлау процесіне араласпау және ашықтық қағидаттарын ұстанады.
Сондай-ақ Төлеген Күнәділов Партиялық емес байқау орталығы референдумға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінде 10 мыңнан астам байқаушыны жіберуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта Орталық және оның филиалдары байқаушыларды оқыту және әдістемелік қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.
Өз кезегінде "Ақжол" ҚДП қоғамдық кеңесінің мүшесі, партияның қалалық филиалының төрағасы Асқар Смағұлов Партиялық емес байқау орталығының мақсаттары мен міндеттеріне қолдау білдірді және референдумның ашықтығын объективті байқауды қамтамасыз ету бойынша жұмыста табыс тіледі.