Елордада «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» республикалық тіл форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тіл форумына еліміздің барлық өңірінен 250-ден астам өкіл, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік орган, ұлттық компания басшылары, зиялы қауым өкілдері және білім, ғылым, бизнес, БАҚ, сондай-ақ басқа да сала мамандары қатысуда.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының аясында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Әсіресе, тіліміздің қоғамдағы қызметін арттырып, оның әлеуетін көтеру ісі біздің жіті назарымызда. Жаңа әліпбиге көшу – жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа. Осы реформаны жүзеге асыру барысында міндеттерді айқындау және атқарылған жұмыс нәтижелерін насихаттау – рухани әрі саяси маңызды факторлардың бірі. Әліпби реформасының жалпыхалықтық сипат алу тектіктерін іске қосу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Оның жолдарын анықтау, Қазақстандағы және әлемдік тілдік қауымдастықтағы қазақ тілінің рөлі мен мәртебесі туралы заманауи білім, ақпарат, насихат алаңдарының жұмысын ұйымдастыру - бүгінгі форумның міндеті», - деді Мәдениет және спорт министрі.
Өз кезегінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жаңа әліпбиді жетілдіру жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
«Бұл бағытта ғалымдармен бірлесіп, тиянақты жұмысты ары қарай жалғастыратын боламыз», - деді орталықтың бас директоры.
Сонымен қатар, Әлібек Асқар мырза өңірлердегі тіл басқармаларының жұмысына қатысты өзінің пікірін айтты.
«Қазақтың көсегесін бір көгертсе, осылар көгертеді-ау деп өңірлердегі тіл басқармаларына үміт артушы едік. Оптимизация деген бәле шықса болды, өңір басшылары ең алдымен тіл басқармаларына шүйлігеді екен, яғни алдымен тіл басқармасын қысқартуға ұмтылады. Қазір 9 облыс пен республикалық дәрежедегі қалаларда ондай басқарма атымен жоқ. Атап айтқанда, басқа бөлімдермен араласып кеткен немесе мүлдем құрыған. Ешқандай құқығы да жоқ, айтар сөзі өтпейді», - деді ол.
Осы орайда ол тіл төңірегінде қалыптасқан мұндай жағдай зиялы қауымды ғана емес, барша жұртшылықты алаңдататынын атап өтті.
Айта кетейік, форумның секция жұмыстары «Ғылым, білім және тіл», «Бизнес және тіл», «Заң және тіл», «БАҚ және тіл», «Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы», «Өңірлердегі тілдік ахуалды талдау» тақырыптарын қамтыды.