Бүгін Nur Otan партиясы өткізбекші праймериздің ережелері жарияланды. Бұған дейін Праймериз деген сөзді біз тек дамыған Батыс елдерінің тәжірибесінен естуші едік. Енді осындай демократиялық дәстүр Қазақстанда да орныға бастағаны - жақсы жаңалақ.
Праймериздің өзі Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттыққа, партия органдарына, оның атынан мемлекеттік лауазымдарға арналған партиялық тізімдерді алдын ала партияішілік іріктеу дегенді білдіреді. Ал елге бұл не бермек?
Біріншіден, партиядағы кез келген мүше тиісті тізімге енуге мұрсат алады. Басты талап - оның тек партия ғана емес, қоғам алдына шығып6 қабілеті мен жігерін дәлелдеп, сенімге ие болуы.
Екіншіден, осыдан келіп партияның өз ішінде бастықтың қабағына қарап қалғандық емес, бәсекелестік орта қалыптасып, мүшелердің белсенділігі артпақ. Бұның нәжисінде маңызды орындарға тек сүзгіден өтіп ысылған азаматтардың келуіне жол ашылады.
Үшіншіден, тиісті кадраларды іріктеуде жариялылық пен ашықтық қамтамассыз етілмек, тиісінше партияға ел ішінде сенім де оянады.
Төртіншіден, алдағы кезеңдерде сияқты партиялық тізімге конъюнктураға ғана бағынып, халық біле бермейтін кездейсоқ дөкейлердің, иә, әдетте парламентте үндемей отыратын эстрада мен спорт "жұлдыздарының" енуі тоқтатылады.
Бесіншіден, праймериз жасырын дауыс беру жолымен жүретіндіктен, оның әлдебір тұлға не топтардың ықпалынан ада болып, тең дәрежеде әрі әділ өтуіне жағдай жасалады.
Алтыншыдан, осылайша іріктелген ең мықты, сауатты, қоғам алдында жауапкершілігін сезінген азаматтар ертең Мәжіліс пен Мәслихатқа кеп жатса, соңғылардың жұмысына да жан бітері, халықшыл саясаттың жүргізілуі анық.
Жетіншіден, Праймериз билік партиясының өзі қоғамға жақын болуына, оның мұң-мұқтажын терең сезінуіне тамаша мүмкіндік береді.
Қысқасы, Nur Otan-ның осы бастамасы заман талабына сай өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенген құптарлық іс. Алайда шындығында Праймериз Қазаққа тың жаңалық емес. Тарихқа үңілсек, бұған ұқсас игі дәстүрді ата-бабаларымыз кеңінен қолданған. Хан мен сұлтандарды сайлағанда, Отан үшін тағдырлы шешім қабылдау қажет болғанда әр ауыл, әр ру өз игі-жақсыларын таңдап, әлгіндей ел ағалалары бас қосқан жиындарға өкіл етіп жіберген.
Осылайша, Дала Демократиясын құрған. Сондықтан бүгінгі Праймеризді сол ұмыт болған игі дәстүрдің жаңғыруы деп қабылдаған қисынды. Ендігі ретте маңыздысы әу бастағы жақсы бастаманы науқаншылдыққа айналдырмай, нағыз халықтық билікті орнату мақсатында тиімді пайдалану болып табылады.
Расул Жұмалы, саясаттанушы