27 сәу, 2021 сағат 18:15

Рамазандағы қайырымдылық: ҚХА мүшелері азық-түлік себетін үлестірді



Биылғы Рамазан айы сәуір айында бастау алды. Қазақ халқы «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп бекер айтпаса керек. Өткен жылдан бері көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатқан еліміз, биылғы Рамазан айын да көпшіліксіз, үйде қарсы алуға мәжбүр болды. Әлемдік пандемия осыған әкелді. Осы орайда Маңғыстау облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Рамазан айында қайырымдылық акциясы өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

 

Аталған акция аясында маңғыстаулық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері отызға жуық отбасыға азық-түлік себетін үлестірді.

 

«Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгін осындай игі іс істеп, маңғыстаулықтарды қайырымдылыққа, жақсылық жасауға шақырып жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз, қасиетті Рамазан айында бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің береке-бірлігін көрсете отырып, қайырымдылық жасау болып табылады. Біз бұл мақсатымызға толықтай жеттік деп ойлаймыз. Енді алдағы бір ай бойы осындай қайцырымды істерді әр өңірдің Достық үйлері мен Ассамблея филиалдарынан күтеміз», - дейді ұйымдастырушылар.

 

 

Бұл шараға арнайы қатысқан Маңғыстау облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі, Маңғыстау ауданы Аналар кеңесінің төрағасы Абдулаева Түймеш қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылық туралы сөз қозғады.

 

«Ассамблеяның ұйымдастырып отырған акциясы барлық өңірлерге үлгі боларлық деп сеніммен айта аламын. Биыл екінші жыл қатарынан Рамазан айы пандемия уақытымен өтіп жатыр. Жамағатпен ауыз ашу, жұма намазы дегендерге тыйым салынғанымен, азаматтар өз үйлерінде парыздарын өтей алады. Сонымен қатар, қайырымдылықпен айналысып, жақсылық істеп жарыса алады. Бүгінгі Маңғыстау өңірінде орын алып жатқан қайырымдылық акциясы соның бірден-бір дәлелі», - деді Маңғыстау ауданы Аналар кеңесінің төрағасы Түймеш Абдулаева.

 

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының атынан қатысқан   «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева жақсылық жасап жарысқан әрбір азаматқа өз алғысын білдірді.

«Осындай қиын уақытта мүмкіндігінше мұқтаж адамдарға көмектесу керек. Қасиетті Рамазан айында игі істер жасау әрбір мұсылманның парызы деп білеміз», - деп атап өтті «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры және лезгин этномәдени бірлестігінің мүшесі Зарета Фаталиева.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Рамазан айында қайырымдылық акциясы өтті. Аталған акция аясында маңғыстаулық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері отызға жуық отбасыға азық-түлік себетін үлестірді. Бұл шараға Маңғыстау облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі, Маңғыстау ауданы Аналар кеңесінің төрағасы Абдулаева Түймеш пен Маңғыстау облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының атынан «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева қатысты.

Айта кетейік, биылғы Рамазан айы 13  сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Ал пітір садақа мөлшері 420 теңге деп белгіленген. Сонымен бірге, Ләйләтүл-Қадір немесе Қадір түні 2021  жылдың 8 мамырынан 9 мамырына қараған түнге сай келеді. Ал үш күнге созылатын Ораза айт мейрамының бірінші күні 13 мамыр күнге түсіп тұр екен.