11 мау, 2022 сағат 11:45

Путиннің Нарва қаласы туралы сөзі үшін Эстония сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақырды


Эстония сыртқы істер министрлігі Путиннің Нарва қаласы туралы сөзі үшін жұма күні Ресейдің осы елдегі елшісі Владимир Липаевты шақырып алды, деп хабарлайды Азаттық.

Ресей елшісімен әңгімелескен шенеуніктің сөзінше, Путиннің Эстонияның Нарва қаласы туралы сөзі Эстонияны алаңдатады. 

"Халықаралық құқық пен мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастық құрметтеуге тырысу орнына Ресей империалистік пиғылын тарихты бұрмалау арқылы күшейтіп отыр. Мұндай тәсілдің соңы жақсылықпен аяқталмайды, тіпті Ресейдің өзіне де қауіпті", - дейді Эстония сыртқы істер министрлігі.

Эстония Владимир Путиннің Ресей императоры - І Петрдің саясаты туралы сөздеріне назар аударған. 

Бейсенбі күні жас кәсіпкерлермен кездескенде Путин "І Петр Солтүстіктегі соғыс жылдары Швеция жерін тартып алған жоқ, өз жерін қайтарып алды. Санкт-Петербург қаласының іргетасы қаланған жерде "славяндар фин-угор халықтарымен қатар өмір сүрген. Бұл жер Ресей бақылауында болған. Батыс жақ та солай, мысалы Нарва жақ" деп сөйлеген. 

"Біздің маңдайымызға да жерімізді қайтарып алу жазылған сияқты" – деген Путин қай жерді меңзегенін нақты айтпаған. 

1700 жылы Солтүстік соғыс басталған кезде Нарва түбінде Ресей әскері шведтерден жеңілген. Бірнеше жылдан соң Нарва бекінісін қайта алған. Соғыс соңында Эстония қазіргі жерімен қоса Ресей империясының бақылауына өткен. Таллиндегі Кадриорг саябағында І Петрдің музей үйі бар. 

Ресей жер мәселесі жөнінде Эстонияға ресми талап қойған жоқ. Алайда негізінен орыс тілді халық тұратын Нарваны тартып алу немесе бүкіл Эстонияны басып алу туралы Ресейдің "патриот" публицистерінің оқтын-оқтын мәлімдейтіні бар.