Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков коронавирус жұқтырып, ем алып жатқанын растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ол «Шынымен коронавирус жұқтырдыңыз ба?» деген сұраққа: «Иә, сырқаттанып қалдым. Емделіп жатырмын» деп жауап берді.
Бұған дейін «Незыгарь» Telegram-арнасы Президенттің баспасөз хатшысының коронавирус жұқтыруы мүмкін екенін хабарлаған.
Песков - президент Путинге ең жақын шенеуніктің бірі. Ол күнделікті Путиннің және Кремльдің мәлімдемелеріне конференц-колл арқылы журналистерге пікір білдіріп жүрген. Песковтың соңғы рет қашан Путинмен жолыққаны белгісіз. Белгілісі, Путин қазір Ново-Огоревтегі резинденциясында және кездесулерінің көбін қашықтан өткізіп жатыр.
Сәуірде Песков жұрт алдына "вирус өткізбейтін блокатормен" шыққан. Бұл "блокатордың" вирустан қорғай алатыны дәлелденбеген.
Айта кетейік, Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің басшысы Владимир Якушев және Мәдениет министрі Ольга Любимовадан коронавирус анықталған еді.
Мишустин 30 сәуірден бері медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында жатыр, дәрігерлер оның жағдайы қалыпты екенін айтты.
Ресей вирус жұқтырғандар саны жөнінен әлемде екінші орынға шықты. Бұл елде 232 мыңнан астам адамнан вирус табылды. Екі мыңнан астам адам қайтыс болды. Бірақ Financial Times басылымы Ресейде COVID-19 вирусынан қаза тапқандар саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп деп есептейді.