Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік думаға ҰҚШҰ-ның бітімгершілік қызметі туралы келісіміне "үйлестіруші мемлекет" деген ұғым енгізуді қарастыратын заң жобасын енгізді. Бұл жөнінде парламент бюллетеніне сүйенген "Медиазона" сайты жазды, деп хабарлайды Азаттық.
Ақпаратқа қарағанда, "үйлестіруші мемлекеттің" көмегімен "БҰҰ-ның бейбітшілікті қамтамасыз ету операцияларына арналған" ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштері құрылады.
Операцияларға қатысу шарты келісімде көрсетілмек. Мұндай келісім "үйлестіруші мемлекет" пен БҰҰ-ның өкілетті органы арасында жасалуы мүмкін.
Құрамына Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан кіретін ҰҚШҰ елдері ұйым жарғысына түзету енгізу туралы хаттамаға 2021 жылы 16 қыркүйекте Душанбеде қол қойған деп айтылады. 2021 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Қорғаныс министрлігі жобаны "Ашық нормативтік-құқықтық актілері" сайтына шығарған. Онда ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бірі "үйлестіруші мемлекет" бола алатыны жазылған. Оны ұжымдық қауіпсіздік кеңесі анықтайды. Жобаны талқылау 17 қаңтарда аяқталған, алайда оның парламентке қашан түсетіні белгісіз.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "террористік шабуыл" жасалғанын айтып, ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған. Артынша елге Ресей, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан және Беларусьтен ұзын саны 2500 әскер келді. ҰҚШҰ әскерінің елге кіруіне алаңдаған белсенділер оларды шығаруды талап еткен. 19 қаңтарда билік ҰҚШҰ әскерінің "елден толық шығарылғанын" хабарлаған.
Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Қазақстанда билікті Ресейдің ықпалы көп ұйымдардан, атап айтқанда ҰҚШҰ мен Еуразия экономикалық одағынан шығуға шақырған петициялар пайда болды.