Ресей президенті Владимир Путин "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозинді қызметінен босатты. Ведомствоны енді бұрынғы вице-премьер Юрий Борисов басқарады, деп хабарлайды Азаттық.
Борисовтің өзі вице-премьер қызметінен жұма күні босатылды. Бұған дейін құпия дереккөзге сүйенген бірнеше ресейлік басылым кадр алмасуы болатынын болжаған.
"Ведомость" басылымының дереккөзінің айтуынша, Рогозин Донбасты басқаруға жіберілуі мүмкін. "Медуза" сайты ол президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне тағайындалып, Донбасты қолға алады деп жазған. "Московский комсомолец" басылымы дереккөзге сүйенбей, шенеунік Украина аумағындағы Ресей күштері немесе сепаратистер шоғырланған аймақта жоғары лауазымды шенге ие болады деп жазған.
Рогозин "Роскосмосты" 2018 жылдан бері басқарған. Оған дейін вице-премьер болған. Оның басшылығы тұсында мемлекеттік корпорация ғарышқа коммерциялық ұшырулар нарығындағы едәуір үлесінен айырылды, ғарышкерлерді орбитаға жеткізу саласы бойынша монополист болудан қалды. Соғыс басталғаннан кейін мекеме Еуропа ғарыш агенттігімен әріптестігін тоқтатты.
65 жастағы Юрий Борисов 2018 жылы Рогозиннің орнына вице-премьер болып тағайындалған. Ол "Роскосмостағы" қорғаныс өнеркәсібіне де жетекшілік еткен. 20 жыл Ресей армиясында қызмет еткен.
2018 жылы "Коммерсантъ" басылымы техника ғылымының докторы Борисовқа президенттің жабық жарлығымен Ресей батыры атағы берілгенін жазған. Ақпаратқа қарағанда, ол Путин федералдық жиынында таныстырған стратегиялық жаңа қару түрін жасағаны үшін марапатталған.