Владимир Путин Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың сөздері үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Нафтали Беннеттің кеңсесіндегілер Израиль премьері мен РФ президенті арасындағы телефон арқылы болған әңгімеде айтылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министрдің кеңсесі әңгімелесу нәтижелері туралы былай деп хабар таратты: "Олар Ресей сыртқы істер министрінің мәлімдемелерін талқылады. Путин премьер-министрден Лавровтың сөзі үшін кешірім сұрады, премьер оның кешірімін қабыл алды. Премьер президенттің еврей халқына көзқарасы мен Холокостқа құрметі үшін алғыс айтты".
Сонымен қатар, көшбасшылар Украинадағы жағдайды талқылаған, нақтырақ айтсақ, "Азовсталь" зауытынан эвакуациялау сөз болыпты.
"Президент Путин бейбіт тұрғындарды, оның ішінде жарақат алғандарды БҰҰ мен Қызыл Крест дәлізі арқылы эвакуациялауға уәде берді", - делінген Израиль тарапы таратқан хабарда.