04 қаз, 2016 сағат 16:01

Путин: Қазақстан жағынан жол салынған, ал біздің жақта - жоқ

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанмен арадағы сауда-саттықты тежеп тұрған себептерді атады, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.

Владимир Путиннің сөзінше, қазіргі таңдағы Ресей жағынан жолдың болмауы және Қазақстанмен шекарадағы өткізу пункттерінің тарлығы екі ел арасындағы сауда қатынастарын тежеп отыр.

"Ресей мен Қазақстан өзара сауда-саттықты либерализациялау мәселесі бойынша біршама ілгеріледі. Еуразиялық экономикалық одақтағы өзге серіктестермен біріге тауар, қызмет, капитал мен жұмыс күшінің қозғалысына бөгет болатын шектеулерді біртіндеп жойып жатырмыз. Дегенмен ондай мәселелер көп. Мен қазір ғана Нұрсұлтан Әбішұлына кешегі Орынборда өткен ресейлік бизнес өкілдерімен кездесуім жайлы айтып отырғанмын. Біз баяғыда шешіп қойғанбыз деп ойлаған дүниелер бар. Бұл тауар, қызмет пен капитал қозғалысына бөгет болатын тек инфрақұрылым мәселелері. Шекарадан асуға байланысты қарапайым жайлар. Бізде шекара да жоқ десе болады. Жоқ, ол бар екен, шектеулер де бар, соның ішінде инфрақұрылымдық шектеулер", - деді Путин Астанада өтіп жатқан форумда.

"Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы біледі, аз ғана болып кездескен ортада айтылды. Қазақстан жағынан жол салынған, біздің жақтан, өкінішке қарай, әлі жоқ. Өткізу пункттері де толықтай жұмыс істей алатындай емес, тар болып тұр", - деп айта кетті ол.