Ресей көшбасшысы Владимир Путин өмірден озған Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтің отбасына көңіл айтып, марқұмның аруағын еске алу үшін өзбек жеріне арнайы ұшып барды, деп хабарлайды Baq.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
Өзбекстанға келіп жеткен Путин алдымен Шахи Зинда мазарының қасында жерленген Кәрімовтің зиратына барып, гүл шоғын қойды.
Одан бөлек, президент өзбек көшбасшысының отбасына – жары Татьяна Кәрімоваға және оның кенже қызы Лола Кәрімова-Тилляеваға көңіл айтып, қайғысына ортақтасты.
Путиннің Өзбекстанға келетіні жайлы тек кеше ғана белгілі болған. Ресей көшбасшысының көмекшісі Юрий Ушаков журналистерге оның жеке мақсаттағы сапар екенін нақтылап, түсіндірді.
Өз кезегінде, Путин Кәрімовпен «достық қарым-қатынаста болғанын» айтып, Өзбекстанның жаңа билігімен арадағы байланыс сондай күйде сақталатынына сенім білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 3 қыркүйекте Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты Путин Кәрімовті жерлеу рәсіміне қатыса алмайтынын мәлімдеді. Сол кезде Владивостокта жүрген Путиннің тапсырмасымен Кәрімовпен бақұлдасу шарасында Ресей делегациясын елдің премьер-министрі Дмитрий Медведев бастап барды.