20 шіл, 2022 сағат 09:55

Путин Иран және Түркия басшыларымен кездесті


Ресей басшысы Владимир Путин 19 шілдеде, яғни Украинада соғыс басталғалы бері алғаш рет алыс елге сапарлады. Ол Иранға барып, президент Ибрахим Раиси, елдің рухани көсемі Әли Хаменеи және Түркия басшысы Режеп Ердоғанмен кездесті, деп хабарлайды Азаттық.

Путиннің сапары Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған Астана келіссөзі аясында өткен. Ресей мен Иран Сириядағы авторитар президент Башар Асад жетекшілік ететін орталық билікті қолдайды. Ал Түркия елдің солтүстігіндегі қарулы оппозицияға дем береді. Алайда келіссөзде Украинадағы соғыс мәселесі де талқыланды.

Түркия НАТО-ға мүше болғанмен, Ресейге қарсы санкцияны қолдамайды. Бірақ Украинаға қару-жарақ та берген. Анкара Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөзде араағайындық жасауды ұсынған. Тараптар атап айтқанда, соғысқа байланысты жабылған украиналық порттардан астықты әкету мәселесін талқылайды.

Тегеранның ресми тұлғалары - Ресейдің соғыстағы позициясын ашық қолдаған санаулы елдердің бірі. Батыс елдері Иран Мәскеуге әскери дрондар жіберіп, техникалық тұрғыда қолдауы мүмкін деп қауіптенеді. Тегеран мұны жоққа шығарғанмен, Путинмен кездесуден соң Хаменеи егер Ресей Украинада соғыс бастамаса, онда НАТО-ның өзі соғысты бастар еді деп Кремльдің "танымал тезистерінің бірін" қайталады.

Путиннің сапары қарсаңында ресейлік "Газпром" мен иранның NIOС ұлттық мұнай-газ компаниясы құны 40 млрд доллар болатын инвестициялық жобаға қатысты өзара түсінісу жайлы меморандумға қол қойды.

Ресей сияқты Иран экономикасы да Батыстың қатаң санкциясына ұшыраған. Ресей экономикасы оқшауланып жатқан тұста екі ел басшылары әріптестікті нығайтуға келісті.

Келіссөзден кейін тараптар терроризммен бірігіп күресетінін айтқанмен нақты келісім туралы айтпады. Ал Путин мен Ердоған астық бойынша келіссөзде ілгерілеушілік болғанын хабарлады.