21 қар, 2016 сағат 09:09

Путин Барак Обамамен жұмыс істеу қиын болғанын мойындады

Перу астанасы Лимада өткен АТЭЫ саммитінде Ресей мен АҚШ президенттері аз-маз әңгімелесті. Путин Барак Обамамен өткен үш-төрт минуттық кездесуде жаһандық мәселелер бойынша жеті жылдық бірлескен жұмысты қорытындылағанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Біздің ынтымақтастығымыз оңай болған жоқ, шынтуайтында, бір бірімізбен жұмыс істеу қиынға соққанын мойындадық. Дей тұрғанмен, мен де, президент Обама да бір-біріміздің ұстанымдарымызға, жалпы бір-бірімізге құрметпен қараймыз», - деп атап өтті Путин.

Бұған қоса, Путин Барак Обаманы Ресейде қуана-қуана қарсы алатынын жеткізді.

«Бірлескен жұмыс үшін оған ризашылық білдірдім. Сондай-ақ, егер оның мүмкіндігі немесе ниеті болып жатса, Ресейге қалаған уақытында келе алатынын айттым», - деп толықтырды Владимир Путин.

Путин мен Обаманың әңгімесі шамамен төрт минутқа созылды, деп жазады БАҚ Ақ үйге сілтеме жасап. Қос державаның басшылары Сирия мен Украинадағы ахуал жайында сөз қозғаған.