Фото: Ғалияш Махашева
Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесін миллиондаған адам тікелей эфирден бақылап отыр. Азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министрді жақтайтындар да, даттайтындар да табылып жатыр. Осы ретте ULT.KZ тілшісі психолог Ғалияш Махашевадан атышулы сот процесі туралы сұхбат алды.
- Қуандық Бишімбаевтың соттың ашық өтуін және алқа билердің қатысуымен өткенін талап етуінің себебі неде?
- Біз Қуандық Бишембаевтың соты жайлы не айтсақ та тек болжам ғана келтіре аламыз. Соттың ашық өту-өтпеуін талап ету Бишімбаевтың шешімі де, адвокаттардың шешімі де болуы мүмкін. Неге? Бұл іс қоғамдық резонанс тудырып отырғандықтан қорғаушы тараптың ойынан шығатындай шешім шықпаса, одан да айыпталушының «Салтанат өзінің әрекеттері арқылы (ауыр сөздері, табалауы, қызғанышы т.б) мені осы қылмысқа итермелеу себебі болды» деген пікірі қоғамнан қолдау таба ма деген ой шығар? Ондай пікірді айыпталушы сотта ашық айтқанын естідік. Ал қоғам әртүрлі пікірдегі адамдамдардан құралғаны түсінікті және расында айыпталушының сөзіне иланып жатқандар бар.
Екіншіден, біз жаңа технологиялық даму кезеңінде өмір сүреміз. Нақты Қ.Бишембаевтың қорғаушыларының ойы бізге беймәлім. Бірақ әлемдік тәжірбиелерге сүйенсек, әлеуметтік желі адамдарға халықтың пікірін сатып алуға мүмкіндік тудырып қойған. Кез-келген қызықтырған тақырып астына тапсырыс беруші өз қызуғушылығын қолдайтын пікірлерді сатып алу арқылы жаздыра алады. Осындай да нұсқа соттың ашық өтуіне себеп болуы мүмкін.
Үшіншіден, Президент араласып отырғаннан кейін, бізде Қ.Бишембаев қорғаушыларының мүмкіндігі жоғары болады деп айту қиын. Сондықтан қорғаушы тарап айыптаушы тараптан «қысым жасауы мүмкін» деген оймен сақтық амалы ретінде сот отырысының халық алдында өтуін қалаған болар?
Сот сөзінше айыпталушы да, жәбірленуші де сот шешімі шыққанға дейін қорғану амалдарын жасауға толық құқылы. Сондықтан сот отырысының ашық өтуін қорғаушы тараптың қалауы ол өз құқықтары.
Бұдан да басқа соттың ашық өтуін талап етуіне байланысты оларда мың түрлі себеп болуы мүмкін.
-Сотта көрсетілген видеоларға байланысты не айтасыз?
- Мені көрген видеода ойландырғаны Қ.Бишембаев қанша ұрып, мойнына қолын салып, басын оңға-солға бұрып, басқа видеода шашынан сүйреп, олай -былай сүйреп жүргенде Салтанаттың бірде-бір рет Қуандықты итеріп қорғануға әрекет жасамағаны. Түсінуім бойынша, экспертиза шешімінде Салтанаттың ағзасынан ішімдік өте аз мөлшерде табылды деген секілді еді. Ондай болса, Салтанат өзін қорғауға қауқарлы болуы тиіс еді. Менің болжауымша, бұл жерде психологиялық фактор бар.
Негізі психологияда қорғаныш реакциясының үш түрі болады. Бұл: Ұр! Қаш! Қатып қал! Яғни, қауіп төнген жағдайда адамдарда жоғарыдағыдай реакцияның бірі болады. Менің болжауымша Салтанатта сол сәтте қауіп төнгенде “ Қатып қал!” реакциясы болған сияқты.
Әдетте адамға қауіп төнген жағдайда “ Қатып қал!” реакциясы мынандай жағдайда болады:
1) Егер адам бала кезден ересектерден көп зорлық көріп өссе және қорғануға мүмкіндік алмаса. Мысалы бала қашты, ересек оны қуып жетіп ұрды немесе бала қолымен бүркеніп қорғанды, ал ересек физикалық зорлық кезінде қолын түсіріп тастап, баланы әрі қарай ұра берді. Онда адам есейген өмірде де денесі есте сақтап қалған сезімдер арқылы реакция жасайды. Яғни қорғанбайды жәй состиып қатып, тұрып қалады.
2) Егер баланы кішкентай кезден ересектер қорғап өсірсе, бірақ қорғануды үйретпесе.
Салтанаттың ағасының реакциясы дәл осы болжамға жақын. Ағасының сотта айтуы бойынша ол қарындасының беті көгерген суретін көргенде, бірден оны қорғауға, құтқаруға әрекет жасаған және сол әрекетін жалғастыра берген. Осыған қарап Салтанат бала кезден қауіп сезінбей, отбасымен қорғалып өскен, бірақ қорғануды үйренбеген болуы мүмкін. Бірақ Салтанаттың отбасы онда осындай қауіпті жағдай боларын білді дейсіз бе? Қыздарына өзінің күйеуінен қорғануға тура келетін тағдыр күтетінін олар қайдан білсін? Әдемі, нәзік гүлдей қыздарын еркелетіп, қорғап өсірген секілді.
Ал сол видеода оның алдында тұрған Қ.Бишенбаевтан Салтанат өте қатты қорқып тұрған болуы мүмкін, сондықтан өзінің күшіне арқа сүйей алмағандықтан және жоғарыда айтқандай қорғану әдісінің тек бір реакциясы таныс болғандықтан, әрекет жасай алмаған сияқты. Әдетте, құрбан қорқыныштың «Қатып қал!» реакциясында жәбірлеушіге толық бағынышты болады.
Қуандықтың феномендеріне мән берсек, ол қолын екі жаққа сермей береді. Бір ойды қайта-қайта айтып тұрғандай. Мысалы, «не дейсің енді маған?» деп тұрғандай.
Ал Салтанаттың ағзасынан аз мөлшерде ішімдік табылғанын және прокурор байқағандай бетінде, көз айналасында көгеру байқалғанын ескерсек, Салтанат мастықтан қабырғаға барып сүйеніп тұрған жоқ, әлсіздіктен мүмкін тіпті басы айналғаннан қабырғаға сүйеніп тұрған сияқты. Біз оның көзінің айналасындағы, бетіндегі көгерудің қаншалықты оған ауыр болғанын білмейміз. Мүмкін ауыр соққыдан миі айналып тұруы да мүмкін, кім біледі?
Тағы бір мән беретін нәрсе, Салтанаттың өз сөмкесін жерге қоюы. Маған ол сөмкесін әрең көтеріп тұрғандай және қалбалақтап, өте төмен еңкейіп, әрең қойғандай көрінді, қозғалысынан ширақтық байқалмады. Мас болса, лақтыра салушы ма еді?
Далада Қ.Бишембаевтың Салтанатқа тиіспегені, қол көтермегені айтылды және көрініп тұрды. Бірақ, ұмытпауымыз керек, далада адамдар қарасы көп, егер Салтанат өзіне далада қауіп төнетін болса, далада жүрген адамдардың көмегі арқылы болса да ішке кірмесі анық екендігінен бәрі түсінікті емес пе?
Тағы бір мән беретіні, айыпталушының: -«Өміріне қауіп төндіретін жерлеріне тимей, өзімді бақылап тұрып ұрдым, тептім», -дегені. Егер ол тіпті екеуі бірге де 4 шөлмек шампан ішсе ол өзін бақылауда ұстауы мүмкін бе?
Дәретхана есігі 23 рет ішінен ұрылды ма? Сыртынан ұрылды ма? Сондай есікті көп ұратындай ашулы адамның шынымен өз әрекетін бақылауда ұстауы мүмкін бе?
Әрине бұл жерде арнайы психологиялық, психатриялық,наркологиялық бақылау тобын істің қаралу процессіне қосқанда, мүмкін айыпталушының ашу деңгейін анықтап берер ме еді, кім біледі? Жалпы сот процесстерінде психологтарды қосып, феномендерді зерттеткен өте дұрыс болар еді деп ойлаймын. Себебі, феномендер сөйлейді.
- Сот төрешісі істі қалай жүргізіп жатыр?
- Меніңше сот төрешісі сот отырысын өте сауатты жүргізіп жатыр. Халық әрине әртүрлі пікір айтып жатыр.
Расында «әлеуметтік желіде айыпталушыны өте жрғары динамикада жек көрулердің болып жатқаны әрине, алқа билерге әділ шешім қабылдауға кедергі болып жатыр» деген оймен келісемін. Егер тіпті туған бауырыңды күнде біреу «жаман-жаман» дей берсе, санаң сеніп қалары анық. Сол сияқты, халық дүрлігіп «массовый» неврозға, психозға салынбай, соттың әділ өтуіне мүмкіндік бергендері дұрыс еді. Бірақ енді, бір тікелей эфирде үш Қазақстан халқына парапар адам (60 миллион адам) көріп отырғанда нақты бір жағдайды енді бақылау, тоқтату мүмкін емес.
Прокурор қызды (Айжан Аймағанова, ред) халық әлеуметтік желіде Мәншүк пен Әлияға теңеп тастап жатыр. «Ол да пенде, кеудесіне нан пісіп кетер» деген оймен болар, сот прокурор қызды да уақытымен фрустрация жасап, сұрағын нақты қойғызып отыр. Қорғаушы тараптың ұсыныстарына мән беріп, сот отырысында эмоционалды «перепалка» болып кетпеуін қатаң бақылауда ұстап отырғаны ұнады. Мен үшін сот өте сауатты болып көрінді. Қорғаушы тарап алдағы уақытта апелляциялық шағым түсірер болса, сот жәбірленуші тарапқа жақтасты деп айта алмасы анық. Айыпталушыға қысым көрсетпей, ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беруі оның өзін сенімді қорғауға әрекет жасауына мүмкіндік береді. Ол да ертеңгі уақытта, «сот қысымынан сөйлей алмадым» деп айта алмасы анық. Сот істің артық динамика көтерілмей, қаралуына барынша әрекет жасап отырғаны байқалды.
Ал енді Қуандыққа келетін болсақ, кез-келген адам өз өмірін ерікті түрде құртуға әрекет жасамайды. Оның бойындағы Салтанатты өлтірген түндегі агрессия бір күнде жиналмағаны анық. Ол қандай балалық шақ өткергенін біз мүлде білмейміз. Дүниенің бәрі болғанмен, не жетпей өсті? Эмоцияларын қаншалықты ашып, не тұншықтырып өсірді? Біз мүлде білмейміз...
Тек шырылдап соңғы мүмкіндікке қарманып қалса да әрекет еткісі келіп жүрген анасын көріп отырмыз. Біреулер, «анасы қалай ұялмай баласын қорғайды?» деп пікір жазып жатыр. Қалай қорғамайды? Егер әр баланың қателігінің авторы ата-ана өзі болса... Анасы Қуандықтың бойына жиналған ашуының ешкім білмейтін сырын өзі ғана білсе, қалай жүгірмейді? Ана қандай жағдай болса да барикаданың баласы жағында тұруы - аналық инстинкт. Басына түспеген адам білмей, айта берері анық.
-Әлеуметтік желіде Бишімбаевты жақтаушылар кімдер?
- Біріншіден, Бишембаев сияқты әйелдеріне, өзге адамдарға физикалық, моралдық зорлық көрсететін адамдар өздерінің әрекеттерін Қуандықты жақтау арқылы өздерінің әрекеттерін ақтап жатқан болар…
Екіншіден, олар боттар болуы мүмкін.
Үшінші себебі, бұл - Стокгольм синдромы. Тұтқын өзінің тұтқындаушысын қорғап, оны жақтағаны секілді ортамызда өздері құрбан бола тұра өздеріне зорлық көрсеткен тирандарды қорғап жүргендер бар. Олардың санасы «мені жазалау дұрыс» деген пікірге сеніп қалған және олар тура солай өз ойларын «Қуандықтың Салтанатты жазалағаны дұрыс» деп өз өмірлерін өзге өміріне бейсаналы түрде «перенос» жасайды.
Төртінші себеп, қоғамда өзінің сыртқы келбетін ұнатпайтын әйелдер бар. Өзінің материалдық тұрмысына көңілі толмайтын қаншама еркектер мен әйелдер бар. Олар өмірдің қызығын көріп жүрген адамдар өмірден өткен кезде рахаттанады. Мысалы, Салтанаттың өте әлемі, сұлу әйел болғанын проекция жасап отырған әйелдер бар. Өз сұлулығын сақтай алмаған әйел «міне, осындайға өзі жетті» деп Салтанатты кәнәлауы мүмкін.
Әрине одан кейін, бесіншісі, күйеуі көзіне шөп салғаннан жапа шегіп жүрген әйелдер бар. Олардың ұстанымы «барлық сұлу әйел - жеңілтек». Олардың эмоциясына көзге шөп салу туралы барлық тақырып әсер етеді. «Үйленген еркекпен жүрді» деген бір сөз естіді ме, болды, оларда триггер қозғалып кетеді. Күйеуінің ана әйелмен, мына әйелмен жүргеніне шыдағаны есіне түсіп кетеді де, әрине ондай кейін өшін қаза тапқан Салтанаттан алғысы келеді. Әркімнің өз себебі бар деп айтуға болады.
Бірақ, бір ғана нәрсені айта аламын, кез келген психологиялық сау адам моделі қандай жағдайда да физикалық зорлық-зомбылық рұқсат етілмейтін дүние екенін біледі.
Кім физикалық зорлық-зомбылыққа барады, оның әрекеті қате және зорлық -зомбылық көрсетуші адамның жан күйзелісі психологиялық па, әлде психикалық па, анықтаған дұрыс. Зорлық-зомбылықпен ешқандай мәселені шешпейді, керсінше ушықтырады. Сондықтан санасы сау адам Бишімбаевтың әрекетін қолдамайды. «Бізбен не жасағаны емес, бізбен жасағандарымен біз не жасаймыз? Сол маңызды!» демекші, Қуандық Бишембаевтың қандай өткені болса да, қандай агрессиясы, мүмкін травмасы болса да ол адам өмірін қиюға қақысы жоқ еді.