07 ақп, 2017 сағат 12:26

Прокурорлар оқушылардың «ВКонтакте» желісіндегі аккаунттарын өшіргізді

Қызылорда облысының прокурорлары ата-аналармен бірге оқушылардың "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі аккаунттарын өшіргізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Соңғы кездері әлеуметтік желілер мен WhatsApp мобильдік қосымшасында жастар арасында суицидті насихаттайтын «Көк кит», «Мені 4:20-да оят», «Киттер теңізі» атаулы парақшалардан сақ болуға шақыратын ақпараттар кеңінен таралуда. Қызылорда облыстық прокуратурасы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары, аталған ақпараттың желі қолданушылар арасында кеңінен таралуына дейін қолға алынған. Атап айтқанда, облыстағы 26 мектептің 106 оқушысы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің суицидті насихаттайтын парақшаларына тіркелу деректері 2016 жылы анықталған болатын. Шұғыл шаралар қолданылып, ата-аналардың қатысуымен барлық оқушылардың аккаунттары өшірілді. Әрбір оқушыға жасалған жеке жоспар бойынша психодиагностикалық жұмыстар ұйымдастырылды", - делінген Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз xабарламасында.

Мектеп психологтары оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, балаларға бірлескен бақылау жүргізуде. Қазіргі таңда, оқушылардың психикалық көңіл-күйлері қалыпты жағдайда, белгілі болғандай балаларды бұл әрекетке жай ғана ойынға деген қызығушылық итермелеген.

Жыл басынан мұндай парақшаларға Қызылорда жастарының тіркелу фактілері анықталған жоқ, кәмелетке толмағандар арасында бірде-бір суицид фактісі тіркелмеген.

Облыстық прокуратураның бастамасы бойынша уәкілетті органмен суицидті насихаттайтын 30 интернет-парақшалар бұғатталған. Дегенмен, қаскүнемдер үшін атауын өзгертіп сол мазмұндағы басқа парақша ашу қиын емес.

Сондықтан, сабақ уақытында да, үйде де баланың көңіл күйіне, жүріс-тұрысына назар аударып, интернетке бақылаусыз кіруіне жол бермеу ұсынылады.