Атырау облысында прокурорлар дәріханаларды тексеріп, алып-сатарлармен күрес жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Облыс прокурорының қаулысымен құқық қорғау және мемлекеттік орган қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде облыс прокуратурасы дәрі-дәрмектерді бағасын асырып сатудың 30 фактісін анықтаған. Өкілетті орган сегіз дәріхананы әкімшілік жауапқа тартты. Әрбір дәріханаға 361 140 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп мәлімдеді облыс прокурорының аға көмекшісі Қанат Қабдолова.
Ол облыстық прокуратурамен бірлескен жұмыс кезінде құқық қорғау органдары дәрілер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатудың алты фактісі анықталғанын баяндады. Бұл дәрі-дәрмектер тиісті тіркеусіз үйде, бағасы асырылып сатылған. Тергеу барысында заңсыз айналымнан 7500 дәрілік препарат, 180 000 медициналық маска алынған. Олардың барлығы денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады.