14 қаң, 2017 сағат 08:23

Прокуратура Қытай дөкейлеріне тұрмысқа шығуды ұсынған агенттік алдындағы наразылыққа қатысты пікір білдірді

Астана қаласының "Алматы" ауданының прокуратурасы GIMENEY неке агенттігінің алдында қазақстандық қыздардың қытайларға тұрмысқа шығуына қарсы наразылық акциясы туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметі бойынша, 11 қаңтарда сағат 11:30 шамасында Республика даңғылындағы "Индира и К" бизнес орталығының аумағында 20 адам жиналып, GIMENEY агенттігінің қызметіне наразылығын білдірген. "Бұл факт бойынша ішкі істер органы мен прокуратура қызметкерлері аталған орынға барды. Бизнес орталық жетекшілігі тарапынан арыз түспегендіктен, құқық қорғау органдарының міндеті - болуы мүмкін делінген заңбұзушылықтың алдын алу еді", - делінген хабарламада. 

Аудан прокуратурасының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жиналғандарға компания кеңсесіне кіру ұсынылды. Мұнда неке агенттігінің жетекшілігі баспасөз мәслихатын өткізді. Мәслихат аяқталысымен жиналғандардың барлығы тарады. 

"Астана қаласының әкімдігіне көрсетілген мекенжай бойынша наразылық акциясын өткізуге рұқсат беру туралы өтініш түспегенін қосымша хабарлаймыз", - деп жауап берді прокуратура өкілдері. 

Еске салайық, Бейжіңнен келетін байлармен танысу үшін қазақстандық әйелдер мен қыздарды шақыру халық наразылығын туғызған болатын. Мұндай хабарлама Facebook желісіндегі "Доска объявлений Алматы, Астана"  парақшасында жарияланды. 11 қаңтарда неке агенттігінің алдында наразылық шарасы өтіп, жиналғандар қазақ қыздарының қытайларға тұрмысқа шығуына тыйым салуды талап еткен.