18 қар, 2022 сағат 15:47

Презиндеттікке кандидат Жигули Дайрабаевтың штабтары 2500-ден астам іс-шара өткізді


Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың үгіт-насихат науқаны талқыланған «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысы өтті. Іс-шараға Жигули Дайрабаевтың өзі, партияның өңірлік филиалдарының, өңірлік штабтардың басшылары мен мүшелері қатысты, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

«Ауыл» партиясы сайлау науқанын өткізу барысында еліміздің барлық 20 өңірін қамтыды. Бүкіл ел бойынша 222 штаб жұмысы ұйымдастырылды. Үгіт-насихат шаралары барлық 88 қала мен 166 ауылдық ауданда өтті. Өңірлік штабтар 2500-ден астам іс-шара өткізді.  

Үгіт-насихат сипатындағы 200 мыңнан астам баспа өнімі өндіріліп, таратылды, 300-ден астам билборд орнатылды.

Жигули Дайрабаев бастаған үгіт тобы еліміздің 17 өңірінің, оның ішінде республикалық маңызы бар үш қаланың сайлаушыларымен кездесті. Кандидаттың сенімді өкілдері барлық 20 өңірде кездесулер өткізді.

Кандидат агроөнеркәсіптің өндірістік орталықтарына барып, олардың қызметімен танысты, жұмысшы ұжымдардың тілектерін тыңдады. Сонымен қатар, ол өңір тұрғындары – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, өнеркәсіп қызметкерлерімен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен кездесулер өткізді, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді.​


««Ауыл» партиясы бұл жолы барынша барлық тұрғынды қамтып, 2500-ден астам іс-шара өткізді, бұл алдыңғы сайлау науқанына қарағанда 3 есе көп», – деді республикалық қоғамдық штаб басшысы Төлеутай Рахымбеков.

Үгіт-насихат науқаны әлеуметтік желілерде де, БАҚ-та да жүргізілді. «Ауыл» партиясының аккаунттарында сайлау алдындағы үгітті өткізу барысы туралы 500-ге жуық жарияланым жарияланды. БАҚ-та 3000-нан астам материал, оның ішінде кандидаттың «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттеріне берген сұхбаты жарық көрді. Жалпы, медиа кеңістікте 10 миллионнан астам адам қамтылды.

20 қараша – сайлау күні «Ауыл» партиясының өкілдері 6 мыңнан астам сайлау учаскесіне бақылаушы ретінде тартылатын болады.

Отырыс соңында ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев партия мүшелеріне бірлескен жұмыс үшін алғыс айтты.