Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру тапсырмасы орындалды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда тапсырма орындалды. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Тәулігіне коронавирус инфекциясымен шамамен оншақты жағдайы тіркеледі, науқастардың 98 пайыздан астамы сауығып кетіп жатыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, осы жылдың 24 қаңтарында өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында карантиндік іс-шараларды жеңілдету тәсілдері қаралып, мақұлданған.
«Қазір елде барлық шектеу іс-шаралары алынып тасталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша соңғы аптада бүкіл әлемде ауру 12 пайызға төмендеді. Бірақ аурудың өсуі Америка және Африка өңірлерінде байқалады. Сонымен қатар, әлемнің 97 елінде сырқаттанушылықтың өсуі көрініп отыр», - деді ол.
Министрдің дерегінше, соңғы аптада Арменияда сырқаттанушылық - 200, Венгрияда - 200 пайыздан астамға, Біріккен Араб Әмірлігінде - 55, Жапонияда - 54, Сингапурда - 37, Израильде - 15, Түркияда 12 пайызға өскен.
«Эпидемиологиялық жағдайды күнделікті болжау және бағалау тұрақты негізде жалғасуда, жағдай ушыққан кезде КВИ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін төсек орындар, инфекциялық ауруханалар, емдеуге арналған қаражаттың көлемі, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, жеке қорғаныс құралдары дайын», - деді Ажар Ғиният.