28 қыр, 2022 сағат 17:34

Президенттікке үміткерлер лингвистика комиссиясының алдында қандай сынақ тапсырады?


Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауына кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын комиссия құру туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді жетік меңгеруі ҚР Конституциясының 41-бабы бойынша лингвистикалық комиссияның қаулысымен анықталады. ОСК-ның осы мәселе бойынша құзыреті «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабы 2-тармағында көрсетілген.

Нақтырақ айтқанда, осы бапқа сәйкес, Конститутцияның 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы Конституциялық кеңестің шешімі бойынша мемлекеттік тілді білудегі кандидаттың біліктілігін анықтау Орталық сайлау комиссиясының шешімімен айқындалады. ҚР Конституциясының 41-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы Конституциялық кеңестің 1998 жылғы 9 қазандағы №280 қаулысына сәйкес, ҚР Конституциясының 41-бабы 2-тармағы нормасының мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген бөлігінде «қазақ тілінде сауатты түрде оқиды, жазады, өз ойын қиналмай оңай жеткізеді және көпшілік алдында сөйлей алады» деп айтылған», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ОСК отырысында.

Оның атап өтуінше, үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау ОСК-ның қаулысына сәйкес, құрамы кемінде 5 адамнан құралған мамандар кіретін лингвистикалық комиссияның қорытындысымен айқындалады.

«ОСК-ның ҚР президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі туралы 2005 жылғы 31 тамыздағы №12/26 арнайы қаулысы бар. Президенттікке үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау үшін бірінші - лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазады. Екінші - лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі 3 беттен аспайтын мәтінді оқу. Үшінші - лингвисткалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында 15 минуттан кем емес уақыт сөз сөйлеу талап етіледі», - деді ол.