Алдағы президент сайлауына «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі атынан үміткер ретінде ұсынылған Салтанат Тұрсынбекова сайлаушылардан қол жинауға кірісті. Келесі аптаның жұмасына дейін ол заңнамада көрсетілген көлемде қол жинап, ресми кандидат ретінде тіркелуі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір үміткердің Түркістан облысындағы сенімді өкілдері аймақты аралап, халықпен кездесіп жүр. Кандидат туралы ақпараттарымен бөлісіп, сайлаушылардан қажетті қол жинап жатыр. Олар Сарыағаш ауданы мен Түркістан қаласында болып, белсенді жұмыс жүргізді.
Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша президенттікке үміткер кандидат ретінде тіркелу үшін кем дегенде 118 мың 273 адамның қолын жинау керек. Бұл - дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың 1 пайызы. Ал 21 қазан күні кешкі сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстары басталады.
"Қазіргі кезде біз өзіміздің ұсынып отырған үміткеріміз Салтанат Фархатқызына 2 күннен бері қол жинаудамыз. Біздің қолдаушыларымыз аудан-ауданда қол жинап, атсалысып жатыр. Ауылдарды аралап, халыққа түсіндіріп жүрміз. Бұл - сайлауалды дауыс емес, өзіміздің үміткерімізді президент сайлауына кандидат ретінде тіркету үшін қол жинап жатырмыз" - деді кандидаттың сенімді өкілі Ләйлә Дарханбаева.