08 қаз, 2022 сағат 17:14

Президент сайлауы: Мейрам Қажыкен қазақ тілінен емтихан тапсырды


Президенттікке кандидат, тіркелмеген Yntymaq партиясының жетекшісі Мейрам Қажыкен мемлекеттік тілден емтихан тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

8 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Мейрам Зекешұлы Қажыкеннің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша Лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.

"Лингвистикалық емтихан барлық үш кезең бойынша өтті: тақырыпқа қатысты жазбаша тапсырма орындау, әдеби шығармадан үзінді оқу және кандидат таңдаған тақырып бойынша көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу.

Емтихан аяқталған соң, комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады. Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметов баяндады.

Кандидаттың жазба жұмысы «Қазіргі заманғы жаһандық мәселелер» тақырыбында болды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Кандидат берілген уақытты толық пайдаланды. Екінші тапсырма бойынша Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбына өз ойын 15 минут көлемінде баяндады" - делінген хабарламада.

Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Мейрам Зекешұлы Қажыкеннің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады.