13 қаң, 2020 сағат 15:18

Президенттік кадр резервіне кірген Нұралы Бөкейханов жаңа қызметке тағайындалды

Президенттік жастар кадр резервіне кірген Нұралы Бөкейханов «Атамекен» ҚР ҰКП Аппарат жетекшілігіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылдың желтоқсан айында Нұралы Бөкейханов Президенттік жастар кадр резервінің мүшелігіне кірді. «Атамекен» ҚР ҰКП басшылығы Нұралы Бөкейхановты ҰКП Аппарат жетекшілігіне тағайындады», - делінген хабарламада.

Н.Бөкейханов 2013 жылы Ланкастер Университетінің менеджмент мектебінде қаржылық басқару магистрі атанды. «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты.

Өзінің еңбек қызметін Нұралы Әлімұлы жеке сектордан бастаған. Ұлттық палатада оның құрылған күнінен бері еңбек етіп келеді. Нұралы Бөкейхановтың шетелдегі жетекші орындарда алған білімі, қытай және ағылшын тілдерін жетік білуі оның димломатиялық қызметке кәсіби деңгейде, терең араласуға мүмкіндік берді. Ол қатардағы сарапшыдан жоғары буынның жетекішілігіне дейін жеткен білікті маман.

Айта кетейік, Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кадрлық резерв құрылатынын мәлімдеді. Ал тамыз айының соңында Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы жылдың қыркүйек айында Президенттік жастар кадр резервіне өтінім қабылдау басталды.

Сонымен қатар, Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандық анықталды және жеңімпаздардың орташа жасы 31-де.

Жоба жеңімпаздарының толық тізімін Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтынан көруге болады.