11 мам, 2022 сағат 21:17

"Президенттер үстел теннисінің кезекті партиясын Қазақстанда жалғастырады" - Руслан Желдібай


Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары жайлы жазба жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол ҚР Президенті биылғы алғашқы мемлекеттік сапарын Түркия елінен бастағанын жазды.

"Мемлекеттік сапар - Қазақстан Республикасы Президентiнiң шетелдiк сапарларының ішінде айрықша жоғары деңгейге ие. Осы орайда Президенттің мұндай деңгейдегі сапарын Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас Түркия елінен бастауы ерекше символды мағынасы бар. Мемлекет басшысы ұшақтан түскен бойда заманауи Түркия мемлекетінің негізін қалаушы Ататүріктің мемориалына барып, ұлы қайраткердің бейітіне зиярат жасады", - делінген жазбада.

Сондай-ақ, баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенсек, бұдан кейін Президент Түркия басшысының сарайына барған. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған ерекше салтанатпен қарсы алған.

"Қазақстан делегациясы бауырлас елдерге тән қарым-қатынасты түрік ұлтының әрбір ісінен, сөзінен, әрекетінен сезінді. Президент Қ.Тоқаев Түркияның тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған ел екенін айтып, бауырлас, туыстас, достас елдің бұл қадамын қазақ халқы ешқашан ұмытпайтынын жеткізді.

Бұл жолғы сапардың мазмұны мен мағынасы екі ел үшін де ерекше. Келіссөздер нәтижесінде 14 маңызды құжатқа қол қойылды. Олар әскери, сауда, мәдениет, экономика және басқа да салаларын қамтиды. Мысалы, Қазақстан мен Түркия ANKA ұшқышсыз барлау аппараттарын бірлесіп өндіруге келісті - Қазақстан мұндай келісімге қол жеткізген алғашқы ел", - дейді Президенттің баспасөз хатшысы.

Сапардың екінші күні Президент Түркияның ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлерді қандай сұрақ мазалайтынын сұрады.

"Ашық әңгіме барысында көптеген проблема көтеріліп, президент оларды жүйелі түрде шешуге тапсырма берді. Жасалған келісімшарттардың толық орындалуын өзінің жеке бақылауында болатынын айтып, түрік бауырларды Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Кездесулердің нәтижесінде құны 1 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық келісімшартқа қол қойылды", - делінген жазбада.

Сондай-ақ, Руслан Желдібай Түркия президентінің Қазақстанға деген көзқарасы туралы айтты.

"Бизнестің дамуы, инвестициялардың келуі саяси жүйенің ашықтығы мен тұрақтылығына байланысты. Президент осы мақсаттағы реформаларға тоқталып: "Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым - халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын", - деді.

Режеп Тайип Ердоған Мемлекет басшысына арналған әр сөзін "бауырым" деп бастап, сөз жүзінде емес, іс жүзінде Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуін жалғастыра беретінін айтты. "Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін біз жауапкершілік алуға дайын екенімізді тағы бір рет атап көрсетемін" - деді.

Мемлекет басшының екі күнге созылған Түркияға сапары осындай бауырластық, тілектестік, достық мазмұнда өтті. Ең бастысы, жемісті өтті. Себебі мұндай кеңейтілген стратегиялық әріптестікке бұрын-соңды қол жеткізілмеген еді. Яғни, тек сөз жүзінде емес, нақты құжат арқылы стратегиялық әріптестік бекітілді", - делінген жазбада.

Сондай-ақ, ол ел президенттері үстел теннисінің кезекті партиясын осы күзде Қазақстанда жалғастыруға келіскенін хабарлады.