Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Мамин мен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысына еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу барысы, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жайында баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа халыққа екпе егуге қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында айтылды. Асқар Маминнің айтуынша, сәуірден бастап ай сайын 2 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр.
Президентке отандық QAZVAC вакцинасының өңірлерге жеткізілуі жайында ақпарат берілді. Премьер-Министр Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығарған он мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кіргенін айтты. Сонымен қатар ол 26 сәуірден бастап «ASHYQ» қосымшасын барлық облыстар кең көлемде қолданыла бастайтынын атап өтті. Бұл «қызыл» және «сары» аймақ кезінде экономиканың әртүрлі секторының қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.
Мемлекет басшысына берілген ақпараттарға сәйкес, жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар 42 пайызға, жан сақтау бөлімдері 28 пайызға толық. Дәрі-дәрмектің, жеке қорғаныс құралдарының қажетті қоры жасақталған, ПТР-зертханалары күніне 123 мың адамға дейін қызмет көрсете алады. 25 мың төсек-орын қоры бар, барлық өңірде заманауи құралдармен жабдықталған жаңа жұқпалы аурулар ауруханалары жұмыс істеп жатыр.
Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа 29-30 сәуір күндері өтетін Еуразиялық парламентаралық кеңестің отырысына дайындық барысын баяндады. Сонымен қатар инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту мәселелері де қарастырылды.
Кездесу соңында Президент Үкіметке отандық вакцина өндірісін арттыруды және оның халыққа қол жетімді болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Еске сала кетсек, 22 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясын жөнелтуге қатысқан болатын.
QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады. Ағымдағы жылғы 26 сәуірде халықты QazVac вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады.