Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысына орташа баға берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет.
Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек.
Экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті" - деді Президент.
Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке, сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.