Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар. Ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.
Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері: тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу; жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау; жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.
Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді. Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.
Айта кетерлігі, осы жылдың шілде мен тамыз айларында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында Ұлттық кеңеске мүшелікке енген азаматтармен кездесу өткізілген болатын. Сол кездесудегі талқылау барысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысының алдында ұйымдастырушылық жиынды өткізу уағдаластығына қол жеткізілді. Ұйымдастырушылық жиын 28 тамызда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен өтті. Кездесу жұмысына Ұлттық кеңестің мүшелері қатысты. Оның аясында Ұлттық кеңес қызметінің бағыттары мен тетіктері, Ұлттық кеңестің бірінші отырысын өткізуге дайындық мәселелері талқыланып, жұмыс топтары құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 шілдедегі №63 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы ережеге сәйкес, Ұлттық кеңес мүшелеріне куәліктер тапсырылды.
Сол күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді.