Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевті қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің қазіргі жағдайы және 2022 жылға арналған міндеттер, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ саланы реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Ербол Қарашөкеев Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, фермерлердің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы туралы хабардар етті. Ведомство шаруалардың жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым қорларымен қамтамасыз етілгендерін және техникалардың дайындығын қайта тексерді. Президент осы бағыттағы қаржыландыру көлемін 2 есе ұлғайту туралы шешім қабылдады. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта шаруашылықтар көктемгі егіс науқанына толық дайын.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен және ветеринария саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үдерістерімен танысты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарларды жаңа нарықтарға шығару, аграрлық ғылымды дамыту, көктемгі егісті сапалы жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану үдерісіне және пайдаланылмайтын жерлерді қайтаруға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
712 рет оқылды