Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, бұл саланың ел үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның кең байтақ аумағының жартысынан астамы шөл және шөлейтті жерлерге жатады. Сондықтан су мәселесін ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастыру қажет.
«2023 жылғы Жолдауымда суды тиімді пайдалану мәселесіне арнайы тоқталдым. Елде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, нақты міндеттер белгіленді. Жаңа Су кодексі қабылданды, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінді», – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Алайда әлі де білікті маман тапшы. Осыған байланысты Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылып, грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент тегін білім алуда. Жалақы да өсіп жатыр — былтыр 25 пайызға өсті, биыл тағы көбеймек.
Президент 500-ге жуық ауылды таза ауыз сумен қамту – қазіргі кезеңдегі шұғыл міндет екенін айтты. «Қала халқы мен ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді ауыз суды тазарту және шалғай ауылдарға жеткізу мәселесі – басты назарда», – деді ол.
Суды үнемдеуге ынталандыру үшін «аз пайдалансаң — аз төлейсің» деген жаңа тариф енгізілген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруаларға жұмсаған қаражатының 80%-ы өтеледі. Қазірдің өзінде 470 мың гектар жерге осындай жүйелер енгізілген.
Цифрландыру және суды есепке алу саласында да өзгерістер қажет екенін айтқан Президент:
«Қазіргі жағдай мәз емес. Суды үнемдеу – болашақты сақтау», – деп нақтылады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 2 миллионнан астам оқушы «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасына қатысқан. Президент бұл бастама арқылы өскелең ұрпақтың су құндылығын терең түсініп өсуіне жол ашылатынын жеткізді.
