10 қаз, 2022 сағат 16:37

Президент сайлауы: Ресейдегі қазақстандықтар дауыс бере алатын орындар аталды


Қазақстанның Ресейдегі елшілігі 20 қарашада өтетін президент сайлауында қазақстандықтар дауыс бере алатын сайлау учаскелерінің мекенжайын жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтары Ресейдегі Қазақстан елшілігіндегі № 265 сайлау учаскесінде дауыс беруге қатыса алады.

"Сайлау учаскесі Мәскеу уақыты бойынша 07:00 – 20:00 аралығында жұмыс істейді. Сайлау учаскесінің мекенжайы: Мәскеу қаласы, Чистопрудный бульвары, 3 "А" үй (Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараты).

Сайлау учаскесіне келген кезде өзімен бірге Қазақстан Республикасы азаматының паспорты немесе жеке куәлігі болуы қажет", - делінген хабарламада.

Мәскеуден басқа жерлерде, жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін Қазақстанның бас консулдықтары жанындағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге болады:

  • Санкт-Петербург - Рылеев көшесі, 10 үй, № 290 сайлау учаскесі;
  • Қазан - Карл Маркс көшесі, 8/13 үй, № 301 сайлау учаскесі;
  • Астрахан - 1-Аршанская көшесі, 17-үй, № 291 сайлау учаскесі;
  • Омбы - Шоқан Уәлиханов көшесі, 9 үй, № 292 сайлау учаскесі.

Сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қазақстандықтар мына сілтемедегі форманы толтыруы керек.