ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев QazVac вакцинасын салдырады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының «Сұқбат» бағдарламасында Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысы қыстағы жолдауларының бірінде қазақстандық вакцинаны салдыратынын айтып, барлық азаматты вакцина алуға шақырған болатын. Жалпы салдыру ойында бар. Ол жайында дер кезінде құлағдар боласыздар деп ойлаймын», - деді ол.
Сонымен қатар Берік Уәли өзінің де вакцина салдыру ойында бар екендігін айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, былтыр елмен бірге менде ауырдым. 20 күндей ауруханада жатып емделдім. Оның бес күнінде реанимацияда жаттым. Ауыр жағдайды өткердім. Құдайға шүкір, отандық медицинаның арқасында сауығып шықтым. Таяуда антиденемді анықтатқанымда 74 пайыз бар болып шықты. Дәрігерлердің пайымынша, ол 30 пайыздан төмендегенде вакцина салдыруға болады екен. Осы хабарға келердің алдында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен кеңескенімде ауырып тұрған адам 6 айдан кейін вакцина салдыруға болатындығын айтты. Менде вакцина салдырсам деп отырмын. Отандық вакцина бұйыртса сәуір айының соңында қолданысқа енгізіледі», - деді ол.
Осы ретте ол ресейлік және қазақстандық вакцинаның қайсысын салдыратындығын атады.
«Мен отандық вакцинаны салдыратын шығармын. Өйткені, отандық медицинаны қолдау үшін соны таңдап отырмын. Сонымен қатар баршаңызды вакцина салдыруға шақырамын. Мемлекет басшысының өзі де бірнеше рет халықты вакцина салдыруға шақырып, індеттен құтылудың жалғыз жолы вакцина екендігін айтты. Шын мәнінде бүкіл әлем халқы салдырып жатқаннан кейін кертартпа пікірлерге ермей, вакцина салдыру керек», - деді Берік Уәли.