01 қыр, 2022 сағат 13:32

Президент: Келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өтетінін айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Жалпы, конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп, аяқтау қажет. Бұл өзгерістер саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді.

Ескі тәсіл бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын" - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Мемлекет басшысы осылайша көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамы жасақталатынын мәлімдеді.

"Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады", - деді Тоқаев.