13 қыр, 2022 сағат 14:11

Президент БҰҰ Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносты қабылдады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер альянсы жөніндегі Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің күн тәртібіне және Қазақстан мен БҰҰ Өркениеттер альянсы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.

Мемлекет басшысы Мигель Анхель Моратиносқа Қазақстанға келгеніне және форумды өткізуге дәйекті түрде қолдау көрсеткеніне алғыс айтты. Сондай-ақ Альянстың бейбітшілік, төзімділік мәдениетін ілгерілетуге мен адамдарды біріктіруге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады.

БҰҰ Бас хатшысының Жоғары өкілі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, жиын нәтижелері бейбітшілікті, келісімді және дінаралық диалогты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.