27 қыр, 2022 сағат 11:48

Премьер ресейліктердің келуі туралы тағы мәлімдеме жасады


Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кеше, 26 қыркүйекте көші-қон мәселелеріне қатысты өткізген жиналыстағы мәліметтерге байланысты қоғамда дұрыс түсінбей жатқандар барын айтып, осы мәселеге қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Смайылов шетел азаматтарына заң аясында қызмет көрсетілетінін атап өтті.

"Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз керек. Ең маңызды мәселенің бірі - құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік.

Сонымен қатар, арендалық тұрғын үй бағаларының өсуінен өз азаматтымыз қиын жағдайға тап болып отыр. Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет. Оны біз кеше айттық", - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің сөзінше, еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы приоритет болуы тиіс.

"Барлық кәсіпорын мен мекеме осыны естен шығармау керек. Ал, көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады. Жағдай күнделікті бақылауда", - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысын бастар алдында.

Еске салайық, 26 қыркүйекте Премьер-министр Әлихан Смайылов көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізген болатын. Онда Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланған. Бірнеше министр қатысқан кеңесте Смайылов уақытша келген шетел азаматтарын жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырған еді.