13 мау, 2017 сағат 15:44

Пошта торабы ашылды

Әлемді жасыл экономикаға тиімділігі жағынан өзіне қаратқан Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің ашылуына орай, Боралдай кентінде тағы бір нысан пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жұмыс істейтін «жасыл» мобильді пошта бөлімшесі іске қосылды.

Тұтынушыларға қызмет көрсету жолдары жетілдірілген «Қазпошта» АҚ-ның жаңартылған Орталық операция учаскесінің ашылу рәсіміне «Қазпошта» АҚ-ның басшысы Сәкен Сәрсенов, аудан әкімі Қыдыргелді Медеуов, аудандық «Қазпошта» торабының басшысы Райгүл Мейірова қатысып, ұжым қызметкерлерін пошта бөлімшесінің ашылуымен құттықтады.

Айта кетейік, дербес қуат көзімен жабдықталған пошта байланысының мобильді бөлімшесі ел бойынша жалғыз нұсқа. Бұл пилоттық жоба болғандықтан, әрі қарай атқарылатын жұмыстың маңыздылығы, тиімділігі жіті тексеріледі. Егер тиімді болса, еліміздің барлық өңіріне салынады. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ-ның басшысы Сәкен Сәрсенов кеңінен айтып берді. 

– Қазпошта қашанда өз жұмысына ең соңғы технологияларды пайдалануға талпынады. Бұл біздің жұмысымызды оңтайландырып қана қоймайды, қоршаған ортаны да қорғайды. Біз энергияны үнемдеуші технологиялармен жұмыс істейтін алғашқы мобильді бөлімшемізді ашып отырмыз. Мұны пилоттық режимде іске қостық, бір жыл ішінде пайдалану нәтижесіне қарап, бұл тәжірибені басқа өңірлерге де тарату туралы шешім қабылдайтын боламыз, – деді ол. 

Заманның сұранысына сай өркениетті елдердің үлгісіне өтіп, 200-ге жуық қызмет түрін көрсетуге көшудің өзі үлкен жетістік. Мұндай жаңашыл бағыттағы жұмысты ауданымыздағы «Қазпошта» филиалында еңбек ететін 149-ға жуық маман жүргізуде.

Жаңа бөлімше операторлардың жұмыс орындарымен, шаруашылық бөлігімен, халықты қабылдау және қызмет көрсету орын жайларымен жабдықталған. Бөлімше дербес болып табылатындықтан, электр желілеріне қосылуды қажет етпейді. Бұл модульді ғимарат үш контейнерден біріктірілген, ешбір артық шығынсыз ұзақ уақыт пайдалануға болады. Арнайы жылу жүйесімен жабдықталған, ол жазда желдеткіш жүйесі ретінде жұмыс істейді, су жылытқышы орнатылған, ол жыл бойы қызметкерлерді ыстық сумен қамтамасыз етеді. Аталған формат компанияның өндірістік шығындарын қысқартуға айтарлықтай үлесін қосады, тұрғындарға да жайлы.

– Боралдайда 80 мыңға жуық тұрғын тұрады. Күн сайын 200-ге жуық адам келіп хат-хабар зейнетақы және басқа да қызмет түрін пайдаланады. Ал мына мобильді пошта біз үшін өте қажет еді. «Қазпошта» акционерлік қоғамына ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамын, –деді Боралдай ауылдық округі әкімі Мұрат Сәлімбаев.

Пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұлғалар үшін операциялық зал аптасына 6 күн қызмет етеді. Сондай-ақ,  боралдайлықтарға газет-журнал, хат хабарлардың дер кезінде жетуіне және  қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында  жаңа автотранспортпен қатар бір скутер, үш велосипед пайдалануға берілді.

Мақпал МЫСА