Фото: telegram.org/ Криминальный Казахстан
Польшада 43 жастағы Қазақстан азаматының жоғалу оқиғасы трагедиямен аяқталды. 19 ақпанда жоғалған ретінде тіркелген Екатерина Шилова өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Әйел белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Сол күні ол Варшавадан Астанаға ұшуы керек болған, алайда рейске отырмаған. Сол сәттен бастап Екатерина байланысқа шықпай кеткен.
Алғашқы болып алаңдаған оның әпкесі Ирина Геберт болған. Ирина Екатеринаның күтпеген жерден жоғалғанын айтып, бірнеше апта бойы оның тағдыры белгісіз екенін жеткізді. Отбасылары әйелді өз күштерімен іздеуге тырысқан, кейін Ирина Қазақстан Бас прокуратурасына іздеуге көмектесуін сұрап жүгінген.
Алайда кейін Екатеринаның мәйіті табылғаны белгілі болды. Алдын ала деректер бойынша, ол қастандықпен өлтірілген.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтың қаза болғанын растады.
Сондай-ақ, күдіктінің ұсталғаны хабарланды. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбай отыр.
