27 жел, 2021 сағат 19:50

Полонез падишасы - Огиньский


Жүрегімді қозғашы, полонезім,

Сағыныштан мөлдіреп қара көзім

Туған жерді құшақтап құлайын да,

Жалғыз жатып жылайын далада өзім.

( Д. Стамбеков )

«Тұрар әлгі әуенді ыңылдап салып отырғанын өзі де сезбей қалды. 

- Охо, сен бунтарь поляктың мелодиясын білесің бе? – деп Семашко таңдай қаққанда ғана, кеудеде шырылдап тұрған сиқырлы шымшық кенет ұша жөнелгендей, Тұрар әлгі ызыңнан айырылып, абдырап қалды. 

«Полонезді» баяғыда Наташа пианинода ойнаушы еді. Бірақ оның «Полонез» екенін, оны «бунтарь поляк» жазғанын Тұрар білген емес. Әйтеуір жүрегіне ұялап қалған...

- Білмегенің өте жақсы. Ондай адамдардың шығармасын ғана сүйіп, өзін білмей-ақ қоюға болады. Дегенмен сен болашақ заң қызметкері, ұлы империяның киргиздан шыққан талантты тіректерінің бірі боларсың деп ойлаймын. Сондықтан бәрін білгенің жөн. Бунтарь поляк – Огиньский деген кісі. Патшаға қарсы Костюшко бастаған поляк көтерілісіне қатысқан. «Полонезді» мен де жақсы көремін. 

«Сонда қалай? – деді Тұрар ішінен түйіліп, - Адамның жазған шығармасы жақсы, өзі жаман. Патшаға қарсы болғандығына бола жаман. Менің әкем де патшаға қарсы шықты. Демек, ол да жаман болғаны ма? Жоқ, тергеуші мырза, мұныңыз қате сияқты. Сіз «Полонезді» тыңдап, әуенді сүйіп отырасыз. Ал, оның иесі сонда қалай есіңізге түспейді? Оны қалай жек көруге болады? Мен осы уақытқа дейін бұл музыканың иесі Наташа деп ойлаушы едім. Огиньский. Поляк. Бунтарь».

Жазушы Ш. Мұртаза «Қызыл жебе» романында жас Тұрардың, болашақ ұлы тұлға – Тұрар Рысқұловтың отарлық езгіден ашынған жүрегіне қуат берген Огиньский полонезінің құдіретін осылай суреттейді.

Міне, 200 жылдан астам уақыттан бері, бұл әуен ұлтына, дініне, шекарасына қарамастан, барша адамның жүрегін тебірентумен келеді. Бұл әуен азаттық үшін алысқандардың, фашистік өлім лагеріндегі тұтқындардың аузынан естілген, бейбіт күнде алыс ауылдағы жиын-тойдың сәнін кіргізген, барлық аспаптарда орындалып, жүздеген мың, бәлкім миллиондаған таралыммен басылған...

Оны теледидардан, радиодан, көше кезген сырнайшыдан бәріміз де естіп өскенбіз. Бірақ атын, авторын білмеген болуымыз мүмкін. Шынында да, «Әйтеуір жүрегімізге ұялап қалған».

Бұл қандай ерекше шығарма? Бір полонезімен әлемді жаулаған Огиньский кім болған? Сұрақты бұлай қоюымыздың себебі, Огиньскийдің өмірінің көп кезеңдері жұртқа әлі де беймәлім, ол туралы зерттеулер аз. Тірі кезінің өзінде соңынан неше түрлі аңыз ерген, шығармаларының көбі аласапыран заманда жоғалып кеткен. Бірақ мұның бәрі ұлы сазгердің жарқын бейнесін өшіре алған жоқ.

Михал Клеофас Огиньский 1765 жылы 25 қыркүйекте Польшаның Варшава қаласы маңында ақсүйектер әулетінде дүниеге келген. Балалық шағы сол жерде өтті. Швейцариялық педагог Жан Ролейден жан-жақты білім алған Огиньскийді ата-анасы мәмілегер болады деп сенді. Оған музыкадан Ю.Козловский сабақ берді. Оның үстіне, отбасында музыка туралы әңгіме көп айтылатын-ды. Огиньский фортепианоны айрықша жақсы көрді. Сол кездегі ірі музыка орталығы болған Вена қаласына жолы түскенде концерттерді тамашалады. Клеофастың  Казимеж деген ағасы да өзінің сарай театры бар, сазгер болатын. Ол театрда көптеген шебер музыканттар жұмыс істеді. Осы театрда Михал Клеофас концертке өзі де қатысып, музыка жазып байқады. Мұның бәрі болашақ сазгердің қалыптасуының алғашқы қадамдары еді. Бірақ Огиньский қоғамдық-саяси қызмет халқына көбірек пайда келтіреді деп санап, музыкаға толық берілген жоқ. 1784-1792 жылдар аралығында Огиньский мемлекет істерімен шұғылданды. Жоғары билік орны – сеймге сайланды. Голландияға елші болып барды. Қызмет бабымен Батыс Еуропаны аралап, өмірлік тәжірибе жинады.

М.К.Огиньскийдің алғашқы пьесалары мен романстары, бірінші полонезі сақталмаған. Ал екінші фа-мажорлы полонезінің жазылу уақыты оның елшіліктен оралғаннан кейінгі 1792 жылдарға келеді. Огиньскийдің өзі айтқандай, бұл полонез «ұзаққа созылмаған, бірақ мамыражай, бақытты махаббат сезімінен» туған. Осыдан кейін жұрт Огиньскийдің сазгерлігіне ден қоя бастады. Бұрын тек би ретінде қолданылған (полонез – француздың поляк биі деген сөзінен шыққан) полонездерге ол жаңа көркемдік сапа сыйлады. Оның жазғандары әуенге бай, ойлы, сезімге әсер ететін вокалдық және аспаптық полонездің жаңа түрлері еді. Полонездердің ұлттық сипаты айқындала түсті. Тыңдаған адамды бірде шексіз мұң мен сағыныш әлеміне тартса, бірде ерлікке шақырған фанфарлар дабылымен дүр сілкіндіреді.

Дабылдың қағылуы жайдан-жай емес. Огиньский өмір сүрген заманда оның Отаны – Польша үш бірдей мемлекеттің илеуіне түскен болатын. Австрия, Пруссия және орыс патшалығының жан-жақтан қысқаны сонша, езгіге шыдамаған халық күш теңсіздігіне қарамастан, 1794 жылы Тадеуш Костюшконың бастауымен ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. Үстем тап өкілі саналатын Огиньскийді де шалғы, күрек ұстап айқасқа шыққан шаруалар жағына қосқан қандай күш? Ол – сазгердің әділет сүйгіштігі және Отанына, халқына деген шексіз патриоттық сезімі. Огиньский өзінің мемлекеттік қызметінен де, княздық атағынан да, гербтен де бас тартып, жиған-терген барлық қаражатын көтеріліс пайдасына жұмсады. Өзі бір отрядты басқарып, Костюшкомен үзеңгілес соғысты. Огиньскийдің бұл тағдыры қазақ тарихындағы Исатай мен Махамбетті, Құрманғазыны еске түсіреді. Огиньский «Бостандық, тұрақтылық, тәуелсіздік» дегенді ұран етіп, көтерілісшілерге әскери марштар мен әндер жазып берді.

Озбыр күштердің басымдығынан көтеріліс жеңіліске ұшырап, Костюшко тұтқынға түсті. Көтеріліске қатысқандар қудалана бастады. Огиньский де аты-жөнін өзгертіп, шетелге кетуге мәжбүр болды. Сазгердің әлемге әйгілі «Отанмен қоштасу» деп аталған ля-минорлы полонезі осы тұста дүниеге келген сияқты. Огиньский қалай қиналмасын, жүрегі қалай езілмесін?! Артында талан-таражға түскен туған топырағы – Польшасы қалып барады мәңгіге. Қарулас достардан айырылған, тәуелсіздік арман күйде қалған. Кеудедегі ыз-кек шемен боп қатқан. Бірақ рух жеңілген жоқ. «Отанмен қоштасу» полонезі қанша мұңды, өкінішті болғанымен, шарасыздық пен түңіліске ұрынбаған. Бұл әуеннің жасампаздығы мен өміршеңдігі де сонда. Полонез тіпті қара ниеттілердің үрейін ұшыратын  деңгейге жеткен. Сазгер Т.Базарбаев бұл әуенді «бостандық гимні» деп атап, соғыс кезінде неміс фашистері Огиньскийдің, Шопеннің ноталарын әдейі өртеп жіберіп отырғанын, әсіресе «Отанмен қоштасу» полонезін ойнағандарды атып, асып өлтіргенін жазды. Олар сол арқылы отаншылдық рухын тұншықтырғысы келген. «Отанмен қоштасудың» арнайы жазылған сөзі де бар, бірақ авторы беймәлім деседі.

Польшадағы бір мұражайда осы полонездің дүние жүзі халықтарының сан алуан аспаптарымен орындалған үлгілері жинақталған екен. Оның ішінде қазақтың халық аспаптары оркестрінің де орындауы бар. Атақты күйші Мағауия Хамзин Огиньскийдің полонезін жеке домбыраға салып тартқан. Жалпы, шетелдің небір күрделі деген музыкалық шығармаларын домбырамен нақышына келтіріп орындауға болатынын белгілі күйшілеріміз дәлелдеп жүр. Ақын Дәуітәлі Стамбековтің күйші М. Хамзинге арнаған «Домбырада полонезді тыңдау» өлеңі осындай бір тебіреніске толы сәтте туса керек:

Сазды саған кім берген сағынышты?

Сағынышқа болдым ғой жалынышты.

Мүлде бөлек, өзінше мүлде бөтен

Қайдағы бір өртейді жалын ішті.


...Шығарған-ау іштегі тәтті мұңын,

Өнердегі туғызып сәтті күнін.

Огиньский мырзадай кім түсінер

Туған жер мен аңсаудың оттылығын.

М.К.Огиньскийдің жиырмаға жуық полонезі белгілі. Олардың әрқайсысы – өзінше әуезді, сезімді оятарлық дара шығармалар. Бірақ, ең танымалы осы - «Отанмен қоштасу» (ля-минор) және «Қоштасу» (ди-минор) полонездері. Полонездерін қоса алғанда 60-тан астам шығармасы сақталып қалған. Оның ішінде мазуркалар, марштар, вальстер, әндер кездеседі. Поляктың ұлттық әнұранына айналған «Польша әлі өлген жоқ» әнін, «Зелида және Валькур немесе Бонопард Каирде» операсын да Огиньский жазғаны туралы зерттеушілердің дәлелі бар. Операның тақырыбы – азаттық. Мысыр елінің өмірінен жазылған шығарма «Азия увертюрасынан» басталады.

Огиньский шетелде жүріп те өзі сияқты қуғын көрген отандастарымен бірігіп, елінің азаттығы жолындағы күресін жалғастыра берді. Напалеонның, орыс патшасы І-Александрдың жалған уәделеріне сенген кездері де болды. Венецияда, Парижде, Ыстамбулда, Берлинде тағы басқа қалаларда тұрақ таппай қиналды. Жат жерлерде оған қандай қиын болғанын аты-жөнін жиі өзгертуінен де байқауға болады. Қуғыннан құтылу үшін Михайловский, Жан Ридель, Рачинский, Гловацкий, көпес Мартин, тағы басқа құжаттармен жүрген. 8 жыл сергелдеңнен кейін, Огиньский Ресей патшасының рұқсатымен Петербургке келіп тұра бастайды. Шығармашылық және ағартушылық қызметін жалғастыра береді. 1822 жылы Ресейден кетіп, өмірінің 10 жылын Флоренцияда өткізді, ол жақта мәдениет қайраткерлерімен кездесіп тұрды, кітаптарын жазды. 

Тағы бір атап айтатын нәрсе – Огиньскийдің сазгерліктен басқа қырларының көптігі. Көтеріліс кезінде қол бастаған батыр болғаны айтылды. Әндерінің мәтінін поляк тілінде өзі жазған ақын, өз заманындағы ең өткір саяси памфлет жазған сатирик, Польша тарихынан мемуар жазған тарихшы, «Музыка жөніндегі жазбалардың» авторы, шетелде жүрсе де поляктың талантты адамдарының кітаптарын бастыруға, өнерін насихаттауға көмектескен меценат...  

Огиньскийдің тірі кезінің өзінде оның полонездерінің даңқы қиырларға жетіп жатты. Ол кеме апатына ұшырапты, өзін-өзі өлтіріпті деген жалған ақпарат та таратылған. Шын мәнінде Огиньский 1833 жылы 15 қазанда Флоренцияда қайтыс болды. Сондағы Санта Кроче храм-понтеонына жерленді. Кейін оның мұрағатын баласы Иренеуш империяның сыртқы істер министрлігіне тапсырған. 1953 жылдан бастап қана зерттеушілер ондағы материалдармен таныса бастады. Өнертанушы ғалым Игорь Бэлза М.К.Огиньский туралы монография жазып, жариялады. Өнертанушылардың пікірінше, Огиньский мұрасы – таза поляк музыкасы, ұлттық аспаптық музыканың жаңа стилі, өзінен кейін Фредерик Шопен биікке көтерген поляк музыкасының дамуына ықпал еткен құнды ескерткіш. 

Қайырбек Шағыр,

ҚР Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі