Алматы облысының полицейлері қараусыз малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша алғышарттармен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбекшіқазақ АПБ қарасты Шелек ПБ қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері малдың қатысуымен 8 жол-көлік оқиғасы орын алған.
Төрт түліктің жол бойында қараусыз жайылып жүруі көлік қозғалысына кедергі келтіретіні бәрімізге белгілі. Әсіресе, қазіргі уақытта малдың таудан түсуіне байланысты малдардың жолға шығу деректері жиі орын алады.
"Осы орайда, мал иелерінен өздерінің малдарын қараусыз қалдырмаулырын және қараңғылық түскеннен кейін малды жолдардың маңында жаймау қажеттілігін ескерткім келеді. Сонымен қатар, барлық жүргізушілерді жылдамдықты шектен тыс асырмауға шақырамын. Арнайы белгілер тұрған аумақтан жылдамдықты азайтып өткен абзал. Өзіңіздің және жаныңыздағы жолаушылардың бас амандығы үшін жол бойынан төрт түлік мал мен жабайы аңдардың да күтпеген жерден шығуы мүмкін екенін ұмытпағаныңыз жөн", - деп ескертті Шелек ПБ бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Жалғасбаев.
Малдардың еркін қараусыз жайылуына жол бермеу мал ұрлығының алдын алуға және малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына жол бермеуге бағытталған. Жолға шыққан малдың кесірінен болған жол-көлік оқиғасы жүргізушілер мен жолаушылардың жарақат алуына, адамдардың өліміне әкеліп соғады.
"Полиция қызметкерлерімен жүргізілетін түсіндіру жұмыстары мен ескертулерге қарамастан малын қараусыз қалдырып, соның салдарынан материалдық шығын келтіріліп жататын жағдайлар да жиі кездеседі. Малдарды бағымсыз (еркін) жаюға жол берген азаматтар, заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған мысал, иесіз жүрген малдардың Тасқарасу ауылында орналасқан Алмабай жеке шаруашылығының егістік алқабына кіріп, егістік алқабындағы егістігін жеп, таптағаны бойынша А. есімді азаматтың арыздануы. Аталған дерек бойынша мал иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 147-бабының 1-бөлігі және 408-бабының 1-бөлігімен айыппұл салынды", – дейді Ұйғыр АПБ Тасқарасу ауылының учаскелік полиция инспекторы Э.Турусбеков.
Осы орайда, тәртіп сақшылары малды қараусыз қалдыру жол-көлік оқиғасына әкеліп соғатынын ескертіп, тұрғындардан жол бойына мал жаймауды сұрайды.