05 сәу, 2017 сағат 08:42

"Питерлік лаңкестің" үйіне тінту жүргізілді

"Ресей Федерациясының Тергеу комитеті Санкт-Петербургте теракт жасаған адамның мекенжайын анықтап, тінту жүргізді", - деп жазады РИА Новости.

"Тергеу деректері бойынша, метро вагонында жарылыс жасаған Акбаржон Джалиловтың мекенжайы анықталды. Үйіне тінту жүргізілді. Сырттай бақылау камералары түсірген бейнежазбаларда күдіктінің қол сөмке мен жолдорба ұстап үйінен шығып бара жатқан сәті бар", — деді РФ тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко.

Оның сөзіне сүйенсек, сейсенбі күні куәгерлер, метрополитен қызметкерлері және пойыз бригадасы мүшелерінің арасында 40-тан астам адамнан жауап алыныпты. Көп мөлшерде заттар мен бейнебақылау камераларына түсірілген жазбалар алынып, тергеушілер мен арнайы мамандар зерттеуде.

Санкт-Петербург метросындағы жарылыс 3 сәуір күні "Сенная площадь" және "Технологический университет" станцияларының арасында болған. Соңғы деректер бойынша, жарылыс салдарынан 14 адам қаза тапты, зардап шеккен 49 адам ауруханада жатыр.

Жарылыс дерегі бойынша теракт туралы қылмыстық іс қозғалды. Тергеу комитетінің мәліметіне жүгінсек, теракт орындаушы Акбаржон Джалилов 1995 жылы туған. Ол "Площадь восстания" станциясында бомба тығып кетіп, пойыз вагонында өзін жарып жіберді.