Петропавлда және Қызылжар ауданында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты бүгін сағат 00.00-ден бастап блокпосттар қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде сырқаттанғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Тек өткен аптада 42 адам КВИ жұқтырған. Оның ішінде 30 жағдайда ауру белгілері болған. Ауырғандардың 19-ы Петропавл қаласына және 8-і Қызылжар ауданына тиесілі.
Қазір Петропавл қаласының маңында 4 блокпост және Қызылжар ауданы Бескөл ауылына кіреберіс - «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 935 км бір блокпост жұмыс істеп жатыр.
«Халық бұл блокпосттардан ПТР тестінің нәтижесімен ғана өте алады. Ал қалаға немесе Бескөлге келіп-кетіп жұмыс істейтіндерде қолдарында анықтама болулары керек. Сондай-ақ азық-түлік және тағы да басқа бірінші кезектегі тауарларды таситындарда осындай құжат болуы қажет. Онда аты-жөні жазылады, қай мекеменің бергені және басшысының қолы мен мөрі болуы керек. Ал жедел-жәрдем, өрт сөндіру секілді арнайы қызметтердің көлігі кедергісіз жүріп жатыр», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Басқарма бастығының айтуынша, бір блокбекетте 6 полиция қызметкері кезекшілік етеді. Жалпы бір тәулікте 60 тәртіп сақшысы осы 5 блокпостқа жұмылдырылатын болады.