Петропавлда құрылысы басталған инфекциялық модульді аурухананың іргетасы құйылып бітуге жақын. Мамандардың жоспары бойынша ғимарат 1 қазан пайдалануға берілсе, технологиялық қондырғылары 19 қазанға дейін орнатылмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, тез тұрғызылатын модульді аурухана 200 орынға шақталған. Оның 180-і стационарларда, қалғаны қарқынды терапия палаталарында болады. Ғимаратта әкімшілік, медициналық блок, қабылдау-диагностика бөлімшесі, ота жасау блогы бар жансақтау бөлімшесі және бір-бірімен байланысқан 5 палаталық бөлімше орналаспақ. Бөлмелер үш, екі және бір орындық болмақ.
Нысанның жалпы аумағы – 6800 шаршы метр. Құрылысты «KAZPACO» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Астаналық компания бұған дейін дәл осындай ғимараттарды Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұрғызған екен.
«Құрылыс тамыз айында басталды. Жоспар бойынша 1 қазан ғимарат салынып бітеді. 19 қазанға дейін қажетті технологиялық қондырғылар орнатылады. Ғимаратты салуда арнайы блоктар пайдаланылады. Ол материал Нұр-Сұлтан қаласындағы Modex инновациялық зауытында әзірленеді. Құрылыс алаңына дайын күйінде жеткізіледі», - дейді СҚО бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафин.
Бүгінге дейін ғимарат іргетасының 90% құйылып, 56 блоктың 20 орнатылған. Ішкі және сыртқа желілер тартылып жатыр. Қазір құрылысқа 200-ге жуық адам тартылған.