13 ақп, 2023 сағат 15:24

Петропавл мектебіндегі шабуыл: екі бала жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: Tengrinews.kz

Петропавлда мектеп оқушысының шабуылынан зардап шеккен жасөспірімдердің жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 13 ақпанда таңғы сағат 08:26-да "Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына" үш оқушы жедел жәрдеммен жеткізілген.

"Екі баланы шұғыл ауруханаға жатқызды. Оларды дереу ота жасайтын бөлмеге алып кетті. Сол жерде хирургиялық жолмен жарақаттарын өңдеді. Бірқатар диагностикалық шара атқарылды, салалық мамандармен консультациялар ұйымдастырылды. Қазіргі кезде екеуінің жағдай тұрақты, жансақтау бөлімінде жатыр", - дейді дәрігерлер.

Ал үшінші оқушы қатты жарақат алмаған. Оған қабылдау бөлмесінде көмек көрсетілген. Кейін жасөспірім үйіне жіберілген.

Айта кетейік, бүгін 9-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп, үш баланы жарақаттады. Жасөспірімдер басынан және иығынан жарақат алған.

Қазіргі кезде мектепте полицияның тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша мектепке балтамен келген оқушы психиатриялық есепте тұрған. Білім беру мекемесінде мамандандырылған күзет қызметі болмаған.

Жасөспірім ұсталды. Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Осы оқиғадан кейін еліміздегі барлық мектепте қауіпсіздікті тексеру жұмысы жүргізілмек.