27 қар, 2020 сағат 10:43

Петропавл маңында заңсыз ағаш кесуші әлеуметтік желінің көмегімен ұсталды

Петропавл маңындағы орманның бірінде жұмыс істеген заңсыз ағаш кесушіні орманшылар әлеуметтік желіде жарияланған фото көмегімен қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Петропавл маңындағы әуежайға баратын орманда біреулердің ағаш кесіп жатқанын түсіріп, сау ағаштардың оталып жатқанына наразылығын білдірді. Оның бұл жазбасы көпшілік тарапынан қолдау тауып, талқыға түсті. 

Жазбаны әлеуметтік желіге мониторинг жүргізген «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ қызметкерлері де көрген. 

«24 қараша күні әуежайға барар жолдағы орманнан ағашты артып жатқан трактордың суретін көрдік. Бірден оқиға орнына бардық. Орман шаруашылығы аумақтық инспекциясымен бірге ағаш кесілген аумақты тексердік. 

Біз жыл сайын ормандардың жағдайын анықтау бойынша тексеріс жүргіземіз. Бұл жерде құрт жеген, қурай бастаған 55 текше метр ағаш кесілуі тиіс болатын. Бірақ Игнатенко деген азаматқа бұл көлем аз болып, ол әрі қарай ағашты заңсыз кескен. Осылайша белгіленген шекарадан шығып, 9 текше метр ағашты рұқсатсыз кесіп алған. Қазіргі таңда келтірілген шығын мөлшері есептелді. Іс құқық қорғау орындарына беріліп, тергеу жүріп жатыр. Ал қылмыс құралдары: балта, ара және трактор тәркіленіп, полицияға берілді», - дейді «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ жетекшісі Қайрат Қалықов. 

Маманның айтуынша, келген шығын мөлшері – 254 мың теңге. 

Ағаш кескен адам шаруашылықтың жұмысшысы. Жалпы мұндай заңбұзушылықтар жиі болып тұрады. Биыл Қызылжар ауданы, Петропавл қаласы бойынша 5 жағдай тіркелді. Бұл – былтырғыдан 3-4 есе аз. 

«Бір апта бұрын ғана 20 текше метр ағашты заңсыз кескендерді ұстадық. Істі соңына жеткізу үшін аптаға жуық уақыт кетті. Көп жағдайда рұқсатсыз ағаш кескендерді қолға түсіру қиын, орнын сипап қаламыз. Өйткені техника аз, мамандар жеткіліксіз, үлкен аумақты үнемі назарда ұстау қиын», - дейді Қайрат Қалықов.